ІІ д.с. жеңістің 80 жылдығына орай 80 кітап жарық көреді. Жазушылар одағы осындай бастама көтерді. Жалпы Қазақ әдебиеті ежелден жауынгерлік рухтан ажыраған емес. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сол рух шарықтай түсті. Кейіннен кескілескен шайқасты көзімен көріп, сөзімен өрген Әди Шәріпов, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әзілхан Нұршайықов сынды майдангер қаламгерлердің шоғыры қалыптасты.
Олардың тағдыры әрқилы, бірақ өмір сүрген дәуірі бір, әдебиеттегі тақырыбы ортақ. Соғысқа қатысты, қан көрді. Отан үшін жан алысып, жан берді. Елге оралған соң қаруды қаламға айырбастап, қара сөздің сардары атанды. Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» Нұрпейісовтің «Күткен күні» екінші ғаламдық жаугершілік кезді сипаттаған ерекше шығармалардың қатарын толықтырды.
Молдахмет Қаназ, жазушы:
Екеуі де жазу стилі, жазу өнері жөнінен екі бөлек адам. Бірақ екеуі де соғысқа қатысқан қазақтың тағдыры, солдаттың, жай адамның тағдыры, сол кездегі жас жауынгерлердің махаббаты туралы, елге сағынышы туралы, соғысқа қатысу, сосын халықтың мойнына түскен қасірет туралы екеуі де жақсы шығарма жазды.
Расында Отан үшін кеудесін оққа тосқан ерлердің ісі, баласын күткен ананың сағынышы, жетім сәби, жесір әйелдің тағдыры талай шығармаға арқау болды.
Енді осы сұрапыл соғыс туралы, оның залал-зардабы мен майдан даласындағы махаббат, достық, сағыныш тақырыбы қаузалған 80 кітап жарық көрмек.
Ғалым Қалибекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары:
Оны Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісіп, ол кісілерге де ұсыныстарымызды айтқанбыз. Тек Жеңіске байланысты, Ұлы Отан соғысына байланысты тақырыптарда негіз ететін болатұғын прозалық дүние, поэзиялық дүние бар оның ішінде.
Бұл бүгін мен өткенді байланыстырар көпір болмақ. Жинаққа майдан даласында болған Момышұлынан бастап, Қасым Аманжолов, Қасым Қайсенов сынды қаламгерлердің туындылары енеді.
Ернұр Медет
