Жәнібектің жеңісті жолы жалғасады. Еліміздің атын әлемге танытып жүрген Әлімханұлының алғашқы бапкері осындай пікір білдірді. Мұрат Сиқымбаев шәкіртінің мүмкіндігін жоғары бағалайды. Алдағы жекпе-жекте ел үмітін ақтап, абыройлы өнер көрсететініне сенімді.
Мұрат Сиқымбаев Жәнібекті сонау туған жері Алакөл ауданындағы Жыланды ауылында жүрген кезінен бастап жаттықтырған. 7 жастағы баланың талабын байқап, боксқа баулыды. Кейіннен Алматыда жаңадан ашылған Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернатына әкелді. Тынымсыз еңбектің арқасында үлкен жетістікке жеткен спортшы 5 сәуір күні жерлестерін тағы да жеңіспен қуантады, дейді бапкері.
Мұрат Сиқымбаев, Жәнібек Әлімханұлының алғашқы бапкері:
Жәнібекпен хабарласып тұрамын. Дайындығы жақсы, бабында. Жеңеді, жеңетініне сенемін. Елдің алдында, отандастарының алдында намысын бермейді.
Әуесқой бокста әлемдік шыңдарды бағындырған Жәнібек Әлімханұлы 2018 жылы АҚШ-қа аттанып, кәсіпқой боксқа түбегейлі бет бұрды. Содан бері 16 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтады. Шаршы алаңда атой салып, шеберлігімен көзге түскен боксшы бүгінде жас жеткіншектерге үлгі.
«Qazaq style» атымен танымал отандасымыз алдағы сенбіде Астанадағы «Барыс аренада» француз спортшысымен жұдырықтасады. Жаһан жұрты көз тіккен бәсекеде жерлестеріміз Жәнібекке үлкен үміт артып отыр.
Ернұр Медет
