Азаматтарды пәтерге тіркеу саны шектеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азаматтарды пәтерге тіркеу саны шектеледі

05.03.2025

Миграциялық шектеу. Енді Астанада бір пәтерге тіркелетін азаматтардың саны баспананың шаршы метріне қарай белгіленеді. Ереже бұзғандарға 79 мың теңгеге жуық айыппұл салынады. Өйткені қалада бір пәтерге 3,5 мыңға жуық тұрғын тіркелген деректер анықталған. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Төменгі палата жиынында тағы қандай мәселелер көтерілді? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен баяндайды.

800 былай тұрсын 3,5 мың адам тіркелген пәтер анықталған. Бұған жол беруге болмайды деген министр Серік Жұманғарин. Мәселені шешу үшін Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту заңнамасына мынадай нормалар енгізілетінін жеткізді.

Серік Жұманғарин ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық Экономика министрі

Елорда аумағында тұрақты тұратын және жұмысы бойынша тіркеу нормативін бекіту, Мәслихат 1 азаматқа қанша шаршы метр тиесілі екені белгіленейтін болады. Бұл ретте тіркеу нормативті меншік иесінің және оның жұбайының туыстарына қолданылмайтынын атап өтеміз.

Яғни енді бір пәтерге тіркелген азаматтардың саны баспананың шаршы метріне қарай белгіленеді. Бұл қаланың инфрақұрылымына ауырлық салмау үшін жасалып отыр деді Серік Жұманғарин. Дегенмен депутаттар бұл мәселені ой елегінен өткізіп, талқы таразысына салып барып шешім қабылдау керек деген пікірде.

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өте қиын. Тұрғылықты жерің болуы керек дейді. Жұмыс істеуге келіп отыр. Үйі болса ала салар еді ғой. Ол қашан алады? 10 жылдан кейін бе, 20 жылдан кейін бе? Статистиканы көріп отырмыз ғой кейбір пәтерлерде 800 адамға дейін тіркеп қойған. Таңқаларлық жағдай. Қаншалықты шектей алады ол жағы белгісіз.

Тиісті өзгерістерді қазір Мәжіліс депутаттары қарап жатыр.

Ақылы автотұрақтар мемлекет меншігіне қайтарылады

Осы төменгі палата отырысында көтерілген тағы бір өзекті тақырып ол – ақылы автотұрақтар мәселесі.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Енді Астанадағы барлық яғни, 8 мыңнан астам автотұрақ әкімдіктің бақылауына қайтарылады. Өйткені 2018 жылдан бері осы тұрақтарға төленген ақшаның 95 пайызы жеке кәсіпкерлердің қалтасына түсіп отырған. Бірақ осы тұрақтарды абаттаныдыру жұмыстарына мемлекет жауап берген.

Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің сөзінше, соңғы 4-5 жылда ақылы тұрақтардан жеке кәсіпкерлер 700 млн теңге пайда тапқан. Бірақ, соның 100 млн теңгеге жетер-жетпесі ғана бюджетке түскен.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ақылы автотұрақтарға азаматтарымыз көлігін қояды. Бірақ, көлігіңізді біреу жырып кетсе, сырып кетсе, тонап кетсе жеке компания жауапкершілік алмайды. Тек қана ақша жинаудан басқа жауапкершілік жоқ. Енді тағы бір ақылы автотұрақтың ақшасын төлемей кеткен ҚР азаматына бірінші ескерту келу керек. Сол ескертуді елемеген жағдайда айыппұл салу керек. Өйткені білесіздер кішкентай ғана тақташа ақылы автотұрақта көрінбейді.

Депутаттар қала әкімдігіне қоғамдық және демалыс орындарының маңындағы автотұрақтарды тегін қылуды сұрап отыр. Мәжілісмендердің бұл талап тілектері маусым айында, яғни автотұрақтар мемлекетке қайтарылған соң қаралмақ. Жиында қаузалған тағы бір мәселе ол Астананың дизайн коды. Оған сай енді қаладағы ғимараттардың қасбеті біркелкі әрленеді. Сондай-ақ жол жиегіндегі, қабырғалардағы және аудио жарнамаларды алып тастау көзделіп отыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу