Былтыр Қазақстанға 15 млн-нан астам турист келген. Олардың әрқайсысы орта есеппен 1 500 доллары көлемінде ақша жұмсаған. Бұл еліміздің саяхат пен туризмді дамыту индексіне сәйкес әлемдік рейтингте 14 орынға алға жылжытты. Аталған көрсеткіш алдағы уақытта жақсара түспек. Бүгін Президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Оған қоса еліміздің басқа да туристік өңірлерін дамыту көзделіп отыр. Ауқымды жоспар туралы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Былтыр Қазақстанға жұмыс бабымен немесе тұрақты тұруға келгендерді есептемегенде, туристік мақсатпен 15,3 млн шетелдік қонақ келген. Оның ішінде 10,4 млн адам елде бір күннен көп уақытқа қалып, шетелдік туристер санатына енді. Ресми статистикаға сәйкес, шетелдік меймандардың елімізде орташа болу мерзімі – 4 күн.
Ұлттық банк мәліметінше, алыс шетелден келген туристер Қазақстанға сапары кезінде орта есеппен 1 500 доллары көлемінде ақша жұмсаған. Осылайша, ел бюджетіне 1,2 трлн теңге қалдырған.
Дәурен Бердібеков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ департаменті директоры:
Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65 пайызға көп. Статистикаға қарайтын болсақ шетелден келген туристер Алматы, Астана қаласына, Маңғыстау және Түркістан облысына көп шетелдік туристер келгенін байқап отырмыз. Әрине бізге көрші елдерден көбірек келеді. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен. Олардан басқа Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Германиядан келушілерді байқап отырмыз.
Туризм саласына салынған инвестиция артып келеді. Соңғы 5 жылда 550 млрд теңгеге 600-ден астам жоба іске асырылған. Алдағы 2 жылда тағы 181 жаңа туристік нысан салынады. Бұл жобаларға 1,1 трлн теңге тартылған. Осылайша, туризм бойынша Қазақстан әлемдік рейтингіде бір жылда 66-орыннан 52-орынға көтерілді.
Айжан Жолдасбекова, ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі:
Шетелден келетін туристерді тарту үшін министрлік түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Атап айтқанда өткен жылы Көшпенділер ойындары өтті. Нәтижесінде өткен жылдың 1-13 қыркүйек аралығында келген шетелдік туристердің саны 597 мыңға жетті. Сондай-ақ Қытайда Қазақстан туризмі жылы аталып өтті. 2024 жылы Қытайдан келген туристер легі 655 мың адамды құрады.
Былтыр елімізде 87 инвестициялық жоба сәтті іске асты. Одан бөлек бүгін еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы ретіндегі Түркістанның ерекше мәртебесі бекіді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуға тиіс. Еліміздің әр өңірінде көрікті жерлер бар. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет.
Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен Neo Nomad деп аталатын жаңа виза түрі енгізілді. Бұл виза заманауи көшпенділерге – саяхаттап, қашықтан жұмыс істейтін шетелдік туристерге арналған. Визаны алған шетелдік туристердің Қазақстанда бір жылға дейін тұруға мүмкіндік алады. Жобаның экономикамызға пайдасы зор. Мәселен оны 500 адам оны алса, ел қазынасына шамамен 3,6 млрд теңге пайда түседі.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Алдағы жылдары Қазақстан туризм саласында ауқымды жобалар мен бастамаларды жүзеге асырады. Басым бағыт ретінде үш ірі туристік аймақ белгіленді, олар: Щучье-Бурабай мен Маңғыстау курорттық өңірі және Алматы тау кластері. 2027 жылға дейін 181 инвестициялық жоба іске асырылады. Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 800 мың адамға дейін жетеді деген болжам бар.
Нұрсұлтан Тілектес
