Астанадағы тұрғын үйдің лифтісінде жасөспірімнің 5 жастағы ұлға пышақ сұққылап жатқан бейнежазбаны жұрттың бәрі ашып көре қоймады. Жүрек шыдамайтын көрініс. Тек «бала аман ба екен?» деп уайымдадық. Операция жасалғанын, баланың аман екенін естіп қуандық.
Дегенмен жасөспірімді, оның ата-анасын қарғап сілегендер аз емес. Ондай балаларды үнемі назарда ұстау керек, сөз жоқ. Бірақ... Баласының менталды дамуында ерекшелік бар отбасылары қалай өмір сүріп жатыр, осыны да ұмытпайықшы.
Мысалы, жаңағы «шизофрения диагнозы қойылған жасөспірімді дәрігерлер тиімді емдеген» деді Денсаулық сақтау министрлігі. Емдесе, емдеген шығар. Алайда құлан-таза айықпайтыны белгілі ғой. Және оны анасы жалғыз асырап отыр екен.
Ал жәрдемақының көлемі қандай, өмір сүруге, өмір сүру демей-ақ қояйықшы, тіршілік қылуға жете ме? Жетпегесін, жұмыс істеуге мәжбүр болып, жасөспірім жалғыз қалды ма екен? Осы аптаның соңында Астана полиция департаментінің Нұра аудандық басқармасы сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлапты.
Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа зиян келтіруге қауқарлы арнайы құралды пайдалана отырып зорлық көрсету арқылы бұзақылық» деген 293-баптың 3-бөлігі бойынша. Егер қылмыскер деп танылса, 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл енді мүлде түсініксіз, сонда жасөспірім ақыл-есі бүтін деп танылған ба?
Осы оқиға бізді қандай пайымға жетелеуі керек? Неге мән бермей отырмыз? Раушан Сайлауқызы таразылайды.
