Павлодарлық диқандардың өнімі қар астында қалды
Павлодар облысында картоп пен сәбіздің біраз бөлігі жиналмай, қар астында қалды. Өнім үсіп кеткен. Көкөністі жинап үлгермеген 20-ға тарта шаруа қожалығы енді алған несиемізді уақытылы қайтара алмаймыз деп отыр. Себебі кейбірі салған өнімнің 70 пайызын жинап үлгермеген.
Биылғы күз шаруашылық үшін тым қолайсыз болды, тамыздың аяғынан бастап қыркүйек айы күн ара жаңбыр жауды, арты қарға ұласты, дейді агроном Әзиза Байбосынова. Картоп мол шыққанымен, олар 130 гектар жердің 80 гектарын ғана жинап үлгерген. Қалғаны қар астында қалған.
Әзиза Байбосынова, «Құлагер – Баян» ш/қ агрономы:
Енді біз бірінші көмекті мемлекеттен сұраймыз. Енді кім бізді қолдайды? Ешкім жоқ қой. Несиені кейінге шегеріп, бірдеңе жасаса, үлкен сеп болар еді. Көп шаруашылықта картоп қар астында қалды.
Ал Рамазан Қалиев өңірдегі ірі шаруашылықты басқарады. Биыл 320 гектарға дән сепкен. Жиын терімге техника сақадай-сай, жұмыс күші де жеткілікті болды деп отыр.
Рамазан Қалиев, «ҚазАгроСтат» ЖШС басшысы:
70 гектар картоп, 35 гектар сәбіз қалды. Енді жинауға жарамайды. Мұз болып қатып қалған. Қыркүйек айында 20 күн тұрдық. Жауын істеткізбеді. Бүгінгі күні жиналмаған өнім шығыны 450 млн теңгеден астам. Өте ауыр тиіп тұр.
Облыс бойынша 1100 гектар картоп, 600 гектардан астам сәбіз өнімі қар астында қалды. Бұл егілген дақылдың үш пайызы. Бірақ қаржылық есепке салсақ, бірнеше миллиардтың өнімі. Сондықтан жергілікті билік шаруаларға барынша көмектесуге әзір.
Байсал Алпысбай, «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалының басшысы:
Бізде лизинг техника ғой. Біз ақша қарызға бермейміз несиеге. Бізде лизингке техника. Үш арыз жазады. Сол үш құжатпен біз кейінге шегере аламыз.
Әділ Исин, облыстық а/ш басқармасының басшысы:
Шаруа қожалықтарына көмектесеміз. Несиені жабу мерзімін ұзартып, келесі жылға қалдыру мақсатында қаржылық институттарды шақырдық. Түсіністік бар. Жеңілдік жасаймыз деп отыр. Тараптармен ақылдасып, тығырықтан шығудың алгоритмін жасап қойдық.
Осыдан екі жыл бұрын жаз жауынсыз болып, егін күйіп кеткен болатын. Әкімшілік пен қаржы институттары бірігіп, аймақ диқандарын тығырықтан алып шықты. Бұл жолы да ешбір шаруашылық банкрот болмайды деп сендірді әкімдік өкілдері.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
