Басты Жаңалықтар Ташкентте қазақ – өзбек бизнес-форумы өтті

Ташкентте қазақ – өзбек бизнес-форумы өтті

Ташкентте қазақ – өзбек бизнес-форумы өтті. Онда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен көлік тасымалы сияқты экономиканың негізгі секторларындағы өзара ынтымақтастық жайы қаралды. Қос мемлекеттің бизнес өкілдері түрлі сала бойынша құны 70 млн доллардан асатын келісімшартқа қол қойды.

Маңызды халықаралық жиынға сауда және интеграция вице-министрі мен отандық кәсіпкерлер қатысты. Индустриялық кооперация, көлік дәліздерін дамыту мен сауда саласын цифрландыру бағытына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ форум аясында Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.

Айдар Әбілдабеков, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

Мысалы, 2024 жылы 4 млрд 100 млн долларға сауда-саттық жасастық.  Биыл 8 айда 3 млрд асып отырмыз. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 18 пайызға өсім бар. Жалпы, 2030 жылға дейін 10 млрд жеткіземіз деп сенеміз.

Форум екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 22-отырысы қарсаңында ұйымдастырылды. Тараптар алуан түрлі мәселені бірігіп шешу тетіктерін қарастырды. Қазір көрші елде Қазақстан капиталының қатысуымен 1 мың 100-дей кәсіпорын жұмыс істейді. Құрылыс, медицина мен IT саласында отандық компаниялардың үлесі басым.

Аброр Курбонов, «UzTrade» АҚ басқарма басшысы:

Екі елдің экономикасы бірін-бірі толықтырып отыр. Бұл жақсы үрдіс.   Бірлескен кәсіпорындар өз өнімін үшінші мемлекеттерге сатуды мықтап қолға алуы керек. Осы тұрғыда ауқымды жұмыстар атқарылып та жатыр.

Форумда екі елдің кәсіпкерлері түрлі сала бойынша құны 70 млн доллардан асатын келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ бизнес қауымдастықтардың бір-бірімен ақпарат алмасуы үшін В2В форматындағы кездесулер ұйымдастырылды.


Бөлісу