Басты Жаңалықтар Еліміздегі ғалымдардың 47 пайызы жастар

Еліміздегі ғалымдардың 47 пайызы жастар

Алдағы үш жылда ғылыми жобаларды қолдауға 173 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Елімізде 27 мыңнан аса ғалым бар. Оның 47 пайызы жастар. Қазіргі таңда ғылымның жеті стратегиялық бағыты бойынша зерттеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

Жанғазы Молдамұратов арнайы платформада үш-төрт қабатты ғимарат пен дамбының зілзалаға төзімділігін зерттеп жүр. Мәселен, мына дамбының жобасы әртүрлі құрылым арқылы 7-9 балдық жер сілкінісін тексереді. Жас ғалым топырақ қабатынан бастап, нысанның жер үстіне  дейінгі бөліктерін кешенді түрде талдайды.

Жанғазы Молдамұратов, «Гидротехникалық құрылыс және құрылыстар» мамандығы бойынша PhD докторы:

Соңғы үш жылда әлемде жер сілкінісі екі есе артты. Оның ішінде Түркия, Қытай, Тайландта үлкен жер сілкіністері болды. Сол елдің ғалымдарымен байланысқа шығып, жер сілкінісінің болу моделін, оның зардаптары қандай болды деген сұрақтармен анализдік, сараптамалық зерттеулер жасап келе жатырмыз.

Қазіргі таңда ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 0,16 пайызы ғана. Сала өкілдері бұл көрсеткішті біртіндеп арттырып, зертханалық база мен заманауи құрал-жабдықтарға инвестиция тарту қажеттігін айтады.

Қуантар Әлиханов, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА ғылым орталығының директоры:

Жыл сайын ғалымдарға деген бөлінетін ғылыми жобалар, ғылыми конкурстар, атаулы сыйлықақылар мен стипендияларды айтуға болады. Өңірлік ғылымды дамытуға үлкен көңіл бөлініп, бюджетке өзгеріс енгізіліп, қазіргі әрбір облыстағы әкімдіктердің қаржысынан өңірлік ғылымды дамытуға мүмкіндік беріліп отыр.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазір 800-ден аса жас зерттеуші жобаларын іске асырып жатыр. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау ретінде Астана мен Алматы қалаларында 500-ге жуық маман жеңілдетілген несие арқылы баспанамен қамтылады. Тағы 200 жас ғалымға пәтер тегін беріледі. Қазірдің өзінде Алматыда 78 жас зерттеуші баспаналы болды.

Жайық Тоқтаров, Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитеті төрағасының м.а.:

«500 ғалым» деген тағылымдама түрі қолданысқа енгізілген болатын. Соның аясында да біраз жас ғалымдарымыз алыс жақын елдердердегі үлкен алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтармен, ЖОО тағылымдамадан өтіп жатыр. Жас ғалым жобасы бойынша жекеше, жеке бір ғалымға беріледі. Айлық еңбек ақысы 500 мыңнан жоғары жалақы төленеді. Бұл үлкен серпіліс деп айтсақ болады.

Министрліктің мәліметінше, алдағы үш жылда ғылыми зерттеулерді қолдауға 173 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бір ғана гранттық жобаның құны 80-90 миллион теңгеге дейін жетеді. Сала мамандары мұны ғылымға жаңа серпін беретін мүмкіндік деп бағалайды.


Бөлісу