Трамп пен Путин жуықта кездеспейді
АҚШ пен Ресей президенттерінің саммиті өтпейтін болды. Ал Еуропа мен Киев Украинадағы соғысты тоқтатудың жаңа жоспарын жасақтап жатқаны жайлы хабар тарады.
Осы апта басында Кремль Трамп – Путин саммиті алдағы бір-екі аптада өтетінін мәлімдеген еді. Бірақ соңғы тәулікте әлем ақпарат құралдарында Будапешт кездесуінің доғарылатыны туралы хабар-ошарлар жариялана бастады.
Осындай шақта АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефон арқылы сөйлесті. Айтуларынша, екі арада «өнімді» әңгіме болғанымен, президенттерді жүздестіруге қажеттілік жоқ екен. Көп кешікпей, саммиттің өтпейтінін Құрама Штаттар лидерінің өзі де растады.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Жоқ-жоқ, мен кездесудің босқа өткенін қаламаймын. Уақытымды зая кетіргім келмейді. Көреміз бұдан не шығатынын. Екі ел аптасына 6-7 мың жауынгер жоғалтып жатыр. Көреміз, біз әлі шешім қабылдаған жоқпыз.
Қысқасы, Трамп Аляска саммитінен сабақ алған тәрізді.
Естеріңізге сала кетсек, екі лидердің тамыз кездесуі нәтижесіз аяқталғаны
белгілі. Осы жолғы саммит те тура солай тәмамдалуы бек мүмкін еді.
Себебі Мәскеу Украинадан Донбастан толық бас тартуды талап етіп отыр.
Бұған президент Владимир Зеленский келіспеді және де Трамп тараптарға қазіргі майдан шебінде соғысты тоқтатып, бейбіт келіссөздерді жалғастыруды ұсынды. Ол идеяны Киев пен оның еуропалық одақтастары құптағанымен, Ресей мақұлдамады.
Сергей Лавров, РФ сыртқы істер министрі:
Қазір біз Вашингтон тарапынан дереу тоқтау туралы ұсынысты естіп отырмыз. Бәрін доғарып, бағасын тарих берсін деп отырсақ, мұндай жағдай осы жанжалдың түпкі себебін ұмытуды білдірер еді.
Осылайша Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату әрекеті тағы да тығырыққа тірелді. Әрі қарай не болады? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ. Бірақ бірер сағат бұрын «Блумберг» агенттігі хабарлағандай, қазір Еуропа мен Украина жаңа бейбітшілік жоспарын әзірлеп жатыр. 12 пункттен тұратын жобаға сәйкес, украиналық балалар еліне қайтарылып, тұтқын алмастырылып, Украинаға қауіпсіздік кепілдігі беріліп, оны қалпына келтіруге қаржы бөлініп, Еуропа одағына тез өтуіне мүмкіншілік жасалуы керек. Сонымен қатар Ресейге қарсы санкциялар біртіндеп доғарылып, Мәскеу мен Киев территория мәселесін талқылауға кірісуге тиіс. «Блумбердің» өзге бір дерегінше, бұл жоспардың жүзеге асуын Трамп төрағалық ететін комиссия қадағаламақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
