Шахтадағы апат: Кеншілер не дейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахтадағы апат: Кеншілер не дейді?

23.02.2025

17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарайтын «Жомарт» кенішінің шахтасында апат болып, 7 адам қаза тапты. Ең жасы - Ардақ Жақұбаев. Ол 1998 жылы туған, 27-де ғана еді. Жерасты учаскесінің тау-кен шебері болған.

Барлығы дерлік әлі тау қопаратын жаста және мәселе онда да емес – нешеде болса да адамның өмірі – ең қымбаты. 50 жастағы Қайрат Ақшалов – сорғы қондырғыларының машинисі, оның құрдасы Бақытбек Жұмадоллаев – жерасты тау-кен жұмысшысы, 34-дегі Орынбек Кенжебеков – тиеу-жеткізу машинасының машинисі, 47-дегі Ғалымжан Молдабеков – шпур бұрғылаушының көмекшісі, 46-дағы Олжас Нұролдаев – жерасты учаскесінің энергетигі, 33-тегі Константин Рожков – жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі болған.

Мыс сульфидін өндіретін кеніш шахтасындағы апатқа басында «тау жынысының опырылуы» түрткі болды деген болжам айтылған. Алайда құтқару тобы апат болған орында тау опырылмағанын анықтаған. Ал табиғи газдың жарылуының себебін білгенше, яғни тергеу біткенше кеніш жұмысы тоқтатылды.

«Қазақмыс» корпорациясының қарамағындағы кеніштер мен шахталарда кеншілер мен шахтерлардың опат болғаны туралы ақпаратты жиі естиміз. Мысалы, қаңтарда ғана Ұлытау өңіріндегі «Анненск» шахтасында жұмысшы мерт болған.

Корпорация себебі анықталып жатыр дегенімен оны жариялаған жоқ. Тіпті 2012 жылдан бері «Қазақмыстың» өндірісінде 40-тан астам жұмысшы қаза тапқан деген мәлімет бар.

Былтыр 17 желтоқсанда Оңтүстік-Жезқазған филиалының №65 кенішінің шахтасында ереуіл болған. 250-ден астам шахтер жер астына түсуден бас тартты. Олар жалақыны өсіруді және еңбек жағдайларын жақсартуды талап еткен.

«Соңы немен аяқталды?» десеңіз, жалақыны корпорация 8,5% көтерді. Былтыр инфляция одан жоғары болғанын ескерсек, жалақы көтерілді деуге келмейді. Қазымыр байдың жұмырға жұқ болмайтын бір тілім қазы кесіп бергенімен бірдей.

Бұл компанияның ірі акционері «Kazakhmys Copper» деп аталады, ал оны Forbes басылымы байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалайтын миллиардер Владимир Ким мен мал-мүлкін сол басылым 800 млн доллар деп бағалаған Эдуард Огайға тиесілі Kazakhmys Holding Limited басқарады.

Компаниялар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға тиісті мөлшерде инвестиция салмайтынын айтқан Мемлекет басшысы, жоғары атқарушы билікке шара қолдануды тапсырды.

Ал қалыптасқан жағдай қандай? Қысқа қайырғанда, жер байлығын игеретін компаниялардың қожайындары тозған жабдықтарды ауыстырудың орнына «жұмыс істеуге жарайды» деген қағаз алып алады. Оларға келгенде заң солқылдақ.

Ал «Жомарт» кенішіне барып қайтқан Оңғар Алпысбайұлына шахтерлар әдеттегідей, әділетсіздік туралы айтқан. 

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу