Астанада мүгедектігі бар адамдардың өмірін жақсартуға арналған ITMLab әлеуметтік жобасының финалы өтті. Шешуші кезеңде алты команда өздерінің әзірлеген жаңалықтарымен таныстырды. Қатысушылар сал ауруына шалдыққан балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды сауықтыруға арналған инновациялық жобаларын ұсынды. Әр топқа идеяларын жүзеге асыру үшін демеушілер тарапынан миллион теңге грант берілген. Олардың ішінде көру қабілеті бұзылған адамдарға бағыт-бағдар беретін қолғап, мүгедектер арбасына арналған электронды құрылғы мен тренажер сияқты жаңалықтар бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, бұл құрылғыларды нарыққа шығару үшін авторларға қолдау көрсетеледі.
Светлана Жақыпова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Іріктеуден өткен жобаларды министрлік кәсіпкерлердің қолдауымен тікелей жүзеге асырып, жаппай өндіріске енгізуді жоспарлап отыр. Әрине бірінші кезекте сертификаттау, стандарттау процестерінен өту тиіс. Бұл бірнеше кезең бойынша жүзеге асады. Ең бастысы, Өнеркәсіп және құрылыс министрі бастаманы қолдап отыр. Сонымен бірге инвестициялық қор да жобаларды нарыққа шығаруға көмектесуі мүмкін.
Асылбек Данияр
