Батыс Қазақстан облысында «Жайық» атты жаңа футбол клубы құрылды. Жаңа құрама құрылтайшылары бұрынғы «Ақжайық» футбол командасы ойыншыларының он ай алмаған жалақысын өтеп бермек. Еңбек инспекциясы жұмысы тоқтап тұрған, бірақ өзін әлі банкрот деп жарияламаған «Ақжайық» клубының 36 қызметкеріне 65 млн теңге қарыз екенін анықтады.
«Ақжайық» 2024 жылы борышкерлер тізіміне енген. Клуб мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан толық айырылған. Құрылтайшыларына ақпанға дейін демеушілер мен инвесторлар есебінен мәселені шешуге уақыт берілгенімен, жағдай реттелмеді. Соған орай облыс әкімдігі «Жайық» футбол клубын құру туралы шешім шығарған. Клубқа облыс бюджетінен 400 млн теңге қаражат бөлінеді. Қазір құрылтайшылар демеушілерден түскен 80 млн теңгемен клуб жұмысын бастады.
Бақдәулет Сәбитов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Ең алдымен 5 жылдан кейін мемлекеттің қаржысынан тыс, тек қана демеушілермен өз-өзін ақтайтындай клубқа жеткізу. Екіншіден - балалар футболына көп назар аудару керек. Тек нәтижеге ғана жұмыс істемейді. Клуб стадионның ішкі реконструкциясына, одан бөлек аулаларда футбол алаңдарын салуға көмектесуі тиіс. Осы өңірдегі футболдың жалпы дамуына үлес қосатын клуб болмақ.
Ардақ Мұратқызы
