Өзбекстанда кітап оқыған тұтқындардың жаза мерзімі қысқаруы мүмкін. Тиісті заң жобасы Олий Мәжілісте талқыланды. Сотталғандардың қолына кітап алуы олардың моральдық тұрғыда түзелуіне ықпал етеді, деп есептейді депутаттар. Мұндай игі бастама жеміс беруі үшін қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілмек.
Мақсат - жаза басқан жандардың өзін-өзі тәрбиелеуіне мүмкіндік беру. Әдебиетпен сусындап, рухани азық алған адам түзу жолға түсуге ұмтылады деген үміт бар. Мұны өз әрекетімен растаған тұтқындарға үкімет осындай жеңілдік жасамақ.
Ғуломжон Самадов, Олий Мажлис заң шығару палатасы баспасөз қызметінің жетекшісі:
Осы заң жобасы аясында қылмыстық кодекске жаңа бап енгізу көзделіп отыр. Мұнан бөлек, егер сотталушы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылса, оның кітап оқығаны ескеріледі.
Сотталғандардың оқуына болатын әдебиеттер тізімін республикалық рухани-ағарту орталығы бекітеді. Жазасын өтеуші бір кітапты оқып, одан емтихан тапсырса, түрмедегі мерзімі 3 тәулікке қысқаруы мүмкін. Әр тұтқын жылына 10 кітапқа дейін оқи алады.
Зафар Қосимов, журналист:
Бір кітап оқыған адамның жаза мерзімінен үш күн шегеру, менің ойымша, өте аз. Бұл мәселені құқық қорғаушылар жақсырақ біледі. Десе де, үш емес, мәселен, он күнге қысқартса деген ойым бар. Бұл - сотталғандардың кітап оқуға деген ынтасын арттыра түсер еді.
Көрші елде тұрғындарды кітап оқуға ынталандыру түрлі бағытта жүріп жатыр. Мәселен, жуырда Әндіжан облысының әкімдігі ерекше байқау жариялады. 20-45 жас аралығындағы әйелдер арасында «Білімді ана» атты кітап оқу жарысы өтпек. Жеңімпаздар бірнеше ай бойы коммуналдық төлемдерден босатылады.
Базаркүл Отыншиева
