Басты Жаңалықтар Жол қозғалысы ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді

Жол қозғалысы ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді

Бүгіннен бастап жолда арнайы сигнал қосқан көліктерге жол беру ережесі кеңейеді. Өрт сөндіру мен жедел жәрдем ғана емес, жарық белгісін қосқан автоларды да өткізіп жіберу керек. Сондай-ақ көшеге «фото-бейне тіркеу» белгілерін қою міндетті емес. Яғни, камера белгісі тұрмай-ақ, ереже бұзылса айыппұл рәсімделеді. Жол ережелеріне қатысты тағы қандай өзгерістер бар?

Айдана Қуантхан, тілші:

Енді жолдағы камералар туралы алдын ала ескерту белгісін қою міндетті емес. Яғни, камера бар жер арнайы белгімен көрсетілмесе де, ереже бұзылса, әкімшілік жаза бар. Нақтырақ айтсақ, жылдамдық асыру, қызыл жолаққа өткен жағдайда 21 мың теңгеден 10 АЕК яғни, 44 мың теңгеге дейін, ал жолақ ережесін бұзса 13 мың теңгеден 44 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.  Бұрын кей жүргізушілер осыны себеп етіп шағым түсіретін. Енді мұндай уәж есепке алынбайды. Бірақ жүргізушіні  полиция тоқтатса, құқықбұзушылықтың нақты дәлелін сұрай аласыз. 
Сондай-ақ арнайы сигнал қосылған көліктерге жол беру ережесі кеңейді. Енді тек жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі емес, газ- апаттық, коммуналдық қызметтер көлігіне де басымдық беріледі. Яғни, сары, қызғылт сары арнайы жарық белгісі бар көліктер басқаларға кедергі келтірмесе, кейбір жол белгілері мен сызықтарын елемей қозғала алады.
Тағы бір өзгеріс - мемлекеттік кірістер органдарының арнайы көліктері жүргізушілерді тоқтата алады. Олар арнайы жарық белгісімен жүреді. Сондай-ақ кей құжаттарды тексеруге құқылы. Бұл тасымал саласындағы заңдылықты бақылауды күшейтеді.
Автотұрақ бақылауы да күшейеді. Әкімдікке тиесілі арнайы көліктер енді көшеде жүріп-ақ ереже бұзған көліктерді тіркей алады. Мысалы, рұқсат етілмеген жерге қойылған машиналар автоматты түрде базаға түседі. Бұл кептелісті азайтып, тұрақтағы тәртіпті реттеу үшін жасалып отыр.
Негізгі өзгерістер бүгіннен бастап, ал кейбір тармақтар 12 шілдеден бастап күшіне енеді. Сондықтан жүргізушілер қазірден бастап жол ережесін мұқият сақтап, жаңа өзгерістерге бейімделгені дұрыс дейді мамандар.
Бөлісу