Бала қауіпсіздігі – басты міндет
Екі аптадан соң оқушылар жазғы демалысқа шығады. Осы уақытта саябақтар мен ойын-сауық орындарында адам қарасы көбейеді. Әсіресе, аттракциондарға келушілер саны артады. Сол себепті бала қауіпсіздігі басты назарда. Жақында Астанада аттракционнан құлаған бала ауруханаға түскен еді. Мамандар мұндай жағдайдың алдын алу үшін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет екенін айтады.
Қазір Алматыдағы демалыс орындары жазғы маусымға дайындық жүргізіп жатыр. Аттракциондар техникалық тексерістен өтіп, қызметкерлерге арнайы нұсқаулықтар берілген.
Шерзат Әділов, әкімші-оператор:
Тексеріс апталық бар, күнделікті бар, айлық, жылдық бар. Бөліне береді. Жылына бір рет техникалық тексеруден өтеді бұл аттракцион. Әр стойка, әр болт , әр машинанікі, система бәрін тексереміз. Күніне электриктер, инженерлер қарап, тексеріп, қосып береді.
Мамандардың сөзінше, әр аттракционда техникалық құжат пен пайдалануға рұқсат құжаты болуы тиіс. Сондай-ақ құрылғыларда жас пен бойға қатысты шектеулер нақты көрсетіледі. Өйткені, кей ойын құрылғылары барлық балаға бірдей арналмаған.
Нұрдәулет Әли, оператор:
Шынжырлы әткеншек 5 жастан жоғарыдан бастап көтеріледі. Жалпы салмағы 2,5 тоннаға дейін көтереді. Бойы 150 см асқан жасөспірімдерге арналған.
Дегенмен мамандар қауіпсіздік тек қызметкерлерге байланысты емес екенін айтады. Ата-аналар да баласының жағдайына мұқият болуы қажет.
Әсіресе экстремалды аттракциондарға мінер алдында қауіпсіздік белдігі мен бекіткіштердің дұрыс тағылғанына көз жеткізу маңызды. Егер бала қорқып тұрса немесе өзін жайсыз сезінсе, оны күштеп отырғызуға болмайды дейді мамандар.
Айжан Жұмағұлова, Парктің қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің басшысы:
Ата-анаға айтамыз. Олай отыруға болмайды. Баланы дайындап келіңіз дейміз. Дайындап келгеннен кейін бала өзі құлшынып тұрса отырғызамыз. Ал былай отырғызбаймыз.
Қуан Нұрақын, тілші:
Мамандар қандай да бір аттракционға отырмас бұрын қауіпсіздік ережесімен танысқан дұрыс дейді. Әсіресе, қауіпсіздік белдігіне ерекше мән берген дұрыс.
Мамандар демалыс орындарын таңдағанда аттракционның техникалық жағдайына, қауіпсіздік жүйесіне және қызметкерлердің жұмысына мән беруге шақырады. Ал ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау ескертіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы