Қазақстанға заңсыз әкелінген смартфондар бұғатталады. Ереже 24 наурыздан бастап жұмыс істейді. Цифрлық даму министрлігі осындай ақпарат жариялады. Енді ұялы телефондар үш санатқа бөлінеді. Барлық дерегі заңды құрылғылар ақ тізімге, шығу тегі күмәнді телефондар сұр, ал тіркелмегендері қара тізімге енеді. Яғни бұғатталады. Ал сіздің қазір пайдаланып жүрген құрылғыңыз қандай санатқа жататынын тексеруге бола ма? Жауабын Оңғар Алпысбайұлы айтады.
Көлеңкелі бизнестің көкесі смартфондар нарығында. Қазақстанға кірген телефондардың 70 пайызға жуығының салығы төленбеген. Мамандар осылай деп отыр.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
3,7 млн азаматтың қазіргі уақытта ІМЕІ коды қайталанады екен. Бұл - алаяқтардың нағыз оңтайлы сәті. Яғни бір телефонның ІМЕІ кодын екі жерге бекіте отырып, ол банктен несие де алып қоюы мүмкін. Яғни мұның әлеуметтік мәселелерге де тиімді қатысы бар.
24 наурыздан бастап мұндай заңсыздыққа жол берілмейді. Қазақстанға амалын тауып кіргізсең де игілігін көре алмайсың.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Жаңа ереже күшіне енгеннен бастап, сіз осындай жаңа құрылғыны сатып алатын болсаңыз, сізге хабарлама келеді. Ол хабарламада сіздің құрылғыңыз Қазақстанға қандай жолмен келгені жазылады. Егер сұр нарықпен келген болса, сіздің смартфоныңыз таза екенін, барлық салығының төленгенін дәлелдеуіңіз керек.
Цифрлық даму министрлігі жаңа онлайн платформа да әзірлеп жатыр. Яғни сіз өзіңіз сатып алғалы тұрған телефонның ІМЕІ кодан сол жерге енгізіп, құрылғының қай санатқа жатқызылатынын алдын ала анықтай аласыз. Ал осы салада жүрген кәсіпкерлердің жаңашылдыққа қатысты пікірі екі ұдай. Бірі қолдаса, екіншісі бұл нарық тек ірі дүкендердің еншісінде қалады. Яғни монополистерді өз қолымызбен құрамыз деп қауіптенеді.
Арайлым Кизылова, сатушы:
Баға көтеріледі. Өйткені оның барлық алымы мен салығы толық төленеді. Тағы бір мәселе - қазір тауар тасып жүрген көп жеткізуші сертификат ала алмайды. Ол мүмкін емес деуге болады. Бұл жағынан мемлекет көмек көрсетуі тиіс деп есептеймін. Дегенмен заң күшіне енгеннен кейін барлық азаматымыз таза, сапалы смартфондар ұстайды деп сеніммен айта аламыз.
Ал қазір қолданыста жүрген телефондарға қатысты министрліктен сұрадық. Жауабы келесідей.
Азамат Серіктаев, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің тіркелген байланыс жобаларын мониторингілеу және дамыту басқарма басшысы:
24 наурызға дейін сатып алынған, елімізге кіргізілген құрылғылардың барлығы ақ тізімге енеді. Бұл тек қана 24 наурыздан кейін сатып алынған және 24 наурыздан кейін елімізге енгізілген телефондарға қатысты.
Ал өзге елден жеке қолдану үшін сатып алынған смартфондар сұр тізімге жатқызылады. Кейін онлайн платформада оның заңды сатып алынғанын дәлелдеуіңіз керек. Яғни жаңа заң жеке тұлғаларға емес, тек заңсыз саудамен айналысатын кәсіпкерлерге ғана қатысты болмақ.
Оңғар Алпысбайұлы
