Орал маңында 12 мың тұрғын жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал маңында 12 мың тұрғын жарықсыз қалды

04.02.2025

Оралда 12 мың адам тұратын «Зачаган» бау-бақша серіктестігі он сағаттай жарықсыз отырды. Өйткені тұрғындар электр қуатына 72 млн теңге қарыз болып шықты. Жұртшылық наразы болған соң , электр қуаты қайта қосылды. Тұрғындардың айтуынша, бұрынғы төрағаның жеке есепшотына ай сайын коммуналдық төлемді төлеп отырған. Ал ол электр желілері компаниясына ақшаны аудармаған. Жаңа төраға бір апта бұрын ғана сайланған.

Асхат Баетов, «Зачаган» бау-бақша серіктестігінің төрағасы:

Электрсетьке бережақ болғаннан кейін светті айырып отыр. Бұл жерде қателік – бұрынғы төрағаның уақытылы ақшаны жинамай, төлемей келгендігі. Енді ол ақшаны жинап тұрып, жартысын қалтасына басты ма - оны қазір айта алмаймын.

Ол үшін тұрғындар серіктестікте ішкі аудит жүргізіп, істің ақ-қарасын анықтауы керек. Келіспеген жағдайда полицияға өтініш беруге құқылы. Ал шаһар басшылығы өз құзыреті аясында қолдау беруге уәде етті. Қалаға тиіп тұрған, бірақ қала мәртебесі берілмеген серіктестікте екі мыңнан астам тұрғын үй, әлеуметтік нысандар бар.

Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:

Алдағы уақытта свет ажырату, басқа да коммуникациялық желілерден бас тарту мәселесі болмайтынына сенім білдіреміз. 72 млн теңге берешекті біз өндірмейміз. Сол серіктестіктің ішкі жарғысымен бекітілетін мәселе бұл. Сондықтан өздері ревизиялық комиссия құрады. Сол комиссия шешімін шығарады.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу