Маңғыстауда қызмет көрсету саласында маман тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда қызмет көрсету саласында маман тапшы

04.02.2025

Маңғыстауда қызмет көрсету саласына мамандар қажет. Технологтер де сұранысқа ие. Сондықтан осы мамандарды даярлап, одан әрі жұмысқа орналастыру үшін Бейнеу политехникалық колледжі бірнеше компаниямен келісімшарт жасаған. Енді оқу бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Білім ордасы түлектерін өндірістік тәжірибеден өткізу арқылы тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейді.

Автокөлікке техникалық қызмет көрсету саласы – Бейнеу ауданында жақсы дамыған кәсіптің бірі. Нұрлан Өсербаев көлік жөндеу орталығын бір жыл бұрын ашқан. Сол кезде Бейнеу политехникалық колледжімен келісімшартқа отырып, 10 маман даярлауға ұсыныс берген.

Нұрлан Өсербаев, кәсіпкер:

5 автоэлектрик мамандығы бойынша, 5 автомеханик мамандығы бойынша 10 студентті тәжірибеден өткіздік. Орындары дайын, жұмыспен қамтуға дайынбыз. Жастар практикасы бағдарламасымен немесе қоғамдық осы бағдарламалармен жұмысқа қабылдай аламыз және де өзіміздің тарапымыздан айлық беруге дайынбыз.

Темір жол саласының мамандарына да сұраныс бар. Сондықтан биыл бірнеше мамандық ашылмақ. Колледж түлегі Сұлтан Шәудірбаев бүгінде Бейнеу темір жол станциясында жұмыс істейді. Ол өндірістік тәжірибеден өту арқылы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Сұлтан Шәудірбаев, теміржолшы:

Жақсы оқығанымның белгісі шығар, қазіргі таңда Бейнеу станциясында оператор қызметін атқарамын. Осы еңбекпен отбасымды асырап жүрмін. Жұмысым жылы жерде. Осы жұмысқа орналасқан кезде екі ай тәжірибеден өттім.  Жұмыстағы бастықтарым мені көріп, жұмысқа қабылдады.

Бүгінде Бейнеу политехникалық колледжінде 500-ге жуық студент 15 мамандық бойынша білім алып жатыр. Олар болашақ теміржолшылар, IT мамандары, автокөлікке қызмет көрсету саласының қызметкерлері мен аспаздар. Оқу орнында кәсіпорындағыдай жағдай жасалған.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Теміржол саласының болашақ мамандарына теміржол мекемелерінде тәжірибеден өту оңай емес. Сондықтан колледж мамандары пойызды басқару тренажерларын қолдан құрастырған. Мысалы мына қондырғыда студенттер пойыз қозғалысын реттеуді үйренеді. Ал мына тренажерде тепловозды жүргізіп, тәжірибеден өтеді.

Былтыр колледжді 149 түлек бітірді. Оның 76 пайызының жартысы өз өзін жұмыспен қамтып, қалғандары мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.

Қожантай Орынбаев, Бейнеу политехникалық колледжі басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Осы Бейнеу ауданында орналасқан Бейнеу астық терминалына қазіргі таңда 20 маман дайындап беруге ұсыныс түсіп тұр. Біз енді осы технолог мамандығының оқу бағдарламасын әзірлеп, оқытатын мамандар педогогикалық құрамды әзірлеп, осы мамандарды дайындауды 2025-2026 оқу жылында бастаймыз.

Оқу орны «Жас маман» бағдарламасы бойынша заманауи технологиялармен толықтай жабдықталған. Болашақ жұмысшы мамандар соның игілігін көруде.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу