Су саласында білікті маман тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су саласында білікті маман тапшы

07.04.2024

Президент мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажеттігін айтты. Бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы нақты қамтылуы керек. Енді дүйсенбіде өткізген Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысына келейік. Бүкіл мәселені тізіп шықты.Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған.  Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар. Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеуді тапсырды. Су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.Кадр мәселесіне тоқталды. Су ресурстары, ирригация салалары бойынша техникалық маман тапшы. Әмірхан Кеншімов есімді ардагер гидротехниктің мына сөзін қалай келтірмеймін: Біз маман даярлауды есімізден шығарып алдық. Жалпы профессия бойынша білім береміз. Ал бірақ ар жағында инженерлік, техникалық пәндерді оқымағаннан кейін оның деңгейі өте төмен болады. Біз қазір инженер дайындап жүрген жоқпыз, философ дайындап жүрміз.Данияр Қайыртай әрі қарайғы тірлік туралы сараптамалық материал дайындады. Соның алдында Президенттің дүйсенбіде өткізген жиналысындағы сөзін жеткізейік. Сіздердің жұмыстарыңызды немқұрайлы және кәсіби міндетке сай келмейді деп бағаладым. Соның салдарынан азаматтарымыз үлкен материалдық шығынға ұшырады. Олар денсаулығы мен әл-ауқатына зиян келтіретін тұрмыстық қолайсыздықтарға тап болды. Азаматтарға айтарым, алаңдамаңыздар. Мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп береді. Бірақ қаржылық және саяси шығындар орасан зор. Оны да ескеру керек. Сондықтан Үкіметке жүктелер жұмыс көп. Қысқасы, талап қатаң болады. 

Су тасқыны салада қордаланған мәселелерді де қопарып берді. Сонымен бүгінгідей салдарымен алысып қалмас үшін күрт еріген қар суынан қорғанудың жолы қайсы?

Нұрлан Атшабаров, Қазақстан Су шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:

Соңғы 50-60 жылда жердің барлығы бидай егуге байланысты тегістеліп кетті. Соның салдарынан сайлар тегістеліп, қар ерігенде осындай жағдай туындап, ауыл су астында қалып қойды.

Құралай Яхияева, Мемлекет аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияссы ғылым-ақпараттық орталығы қазақ филиалының сарапшысы:

Су жылғалары тұрғанымен 40 жыл бойына су ақпайды деп айтып жатқандар көп. Сол жылғалар арқылы қырық жылда бір рет су жүруі мүмкін. Әр елдімекеннің сыртына дамба сияқты қорғау белдеуін жасауға болады.

Адай Секенұлы, География ғылымдарының докторы, профессор

Су қоймалары 20-25 жыл қызмет етеді. Бірақ біздің қоймаларға 30-50 жыл болды. Барлығы дерлік апатты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ешқайсысы күрделі жөндеуден өткен жоқ. 

Елімізде суды жинайтын, сақтайтын, бұратын гидротехникалық нысанның саны 1 жарым мыңнан сәл асады. Оның 405-і – су қоймасы, 250-ге жуығы – дамба, плотиналар саны 460-тан асады, тоғанның 270-тейі бар, сосын 120-ға жуығы – су торабы. Мұның көбі (935) – әкімдіктердің қарауында. 330-дан артығы – республика меншігінде. Жеке меншікке өтіп кеткені – 230-ға жуық. Ал жетеуі иесіз қалған. Соңғы тексеріс нәтижесі осы гидротехникалық құрылыстың 500-ден астамы жөндеуді қажет ететіні анықталған. Салаға жауапты министрлік оларды біртіндеп қалпына келтірмекші.

 Сәкен Әтел, ҚР су ресурстары және ирригация министрлігі, су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:

Қазір он бес су қоймасын қайта жөндеуден өткізуге жоспар құрылып жатыр, қосымша жиырма су қоймасын салуды ойлап отырмыз. 3,5 мыңнан астам каналға жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Мұның барлығы жақын арада біте қоймайтын жұмыс, сондықтан жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін аяқтаймыз.

Мысалы, 2027 жылға қарай Ақмола облысында Есіл контррегуляторы салынбақ. Жақында жоба құжаты жасалып, енді сараптамаға жіберілетіні хабарланды. Қанша қаражат бөлінетіні әзірге белгісіз. Нысан Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы елдімекендерді су басу қаупінен қорғайды дейді билік.

Осы Ақмола облысындағы Қабанбай батыр аулының тұрғындары Нұра арнасынан тасып, қызыл су елдімекенге жайылуы мүмкін деген соң қап-қап құм әзірлеп әлек. Тұрғындар тасқыннан келер қауіпті жақсы біледі – 2015 жылы ауылды су басып қалған. Бұл жолы ертерек қамданыпты. Карьерден қыс бітпей тұрып, молынан құм тасып алған.

Нұрлан Нұралин, Қабанбай батыр ауылдық округінің әкімі:

Бізде ақпан айынан дайындық жүріп жатыр. Бірінші күні біз 1500 қап дайындап қойдық. Екінші күні тағы екі мың қап алып келдік. Су келу қауіпі бар аймақтарды қоршаймыз.

Әзірге су көрінбейді. Бірақ ауылдың қауіпті аймақтарын мөшекпен қоршай беру керек дейді әкім.

Міне, Қабанбай батыр ауылының тұрғындары, еріктілер, оқушылар жиналып осындай құм толтырылған қаптарды жолдың жиегіне төсеп, әзірлеп жатыр. Ауыл тұрғындары үш күнде осындай 4 мыңнан астам мөшек дайындап қойған.

Ал негізі елдімекендерді су басып қалмауы үшін көшелерде арық жүйелері салынуы керек дейді су маманы Құралай Яхияева.

Құралай Яхияева, Мемлекет аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияссы ғылым-ақпараттық орталығы қазақ филиалының сарапшысы:

Қазір ешкім еік алдына егін екпейді, сондықтан арық салуды арық салмайды. Барлық жерді бетондап тастаған, Тұрғындардың ауласындағы қардың өзі сыртқа шығарылып жатыр. Қазір сол қар еріп, бүкіл ауыл су астында қалды.

Адай Секенұлы, География ғылымдарының докторы, профессор

Дәл қазір арық қазу арқылы көлшіктер, жасап, суды ығыстырып сол жаққа жинауымыз керек. Мұның екі функциясы бар. Тасқын кезінде тасқынның зиянын азайтамыз. Сосын суландыру маусымында егістікке немесе өндірістік мақсатта пайдалануға болады. 

Әмірхан Кеншімов, Гидротеник, Су шаруашылығы саласының ардагері:

Бұрын дамбалар салынып, суды ұстап қалатын. Су сіңгеннен кейін жақсы шөп өсіп, шабындық болатын. Бірақ сол дамбалардың өзі қазір жоқ, шіріп кетті. Ол жерде су тұрмайды.

Ерлан Бадашев, Су ресурсы бойынша сарапшы:

Жазда малға азық жоқ, қуаңшылық дейміз, өйткені көктемдегі судың бәрі айдалаға ағып кетіп жатыр. Көрдіңіз бе? Бұрынғы 200 мың гектар жерді суғару жүйелерін қалпына келтіріп, сол жерде шөп өссе, қаншама малға азық болады.

Құралай Яхияева, Мемлекет аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияссы ғылым-ақпараттық орталығы қазақ филиалының сарапшысы:

Жайылым жерлерін біреу жекешелендіріп алды да ол жерге басқа бір тірлік жасап тастады деген сияқты. +16,37 Су қоймалары, тоғандар кішігірім, соларға жинап алсақ, қуаңшылық болмас еді ғой. Ол да жасалмайды. Себебі шағын су қоймалары жекешеге өтіп кеткен. Сосын 30 жылда тозығы жеткен.

Ал жекеменшіктегі кейбір су қоймалары, тіпті, балық өсіретін тоғанға айналып кетті деп налиды гидротехник Құралай Яхияева.

Құралай Яхияева, Мемлекет аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияссы ғылым-ақпараттық орталығы қазақ филиалының сарапшысы:

Су қоймалары салынғанда жазда су жетіспеушілігін қамтамасыз ету үшін салынған. Қазір ол жерде балық бар. Балық өліп қалмауы үшін суды төменге түсіре алмаймыз. Қажетті мөлшердегі суды төмендегі дихандарға бермейміз.

Қарғын су мен жауын-шашын суын жинап алып сақтаудың тағы бір тәсілі – жер астына айдау технологиясын пайдалану. Ондай тәжірибе бізде жоқ. Ал Ресей, Өзбекстан сияқты көрші елдер осындай технология арқылы климат өзгеруіне қамдана бастағаны жөнінде ақпар бар.

Нұрлан Атшабаров, Қазақстанның су шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:

Су қоймасын жер астынан құратын (магазинирование подземных вод) Ондай жағдайға еліміз жазық жер болған соң мүмкіндік жасауға болады. 

Салалық министрлік өкілі суды кәдеге жаратудың мұндай тәсілін әбден зерттеп барып енгізу керек дейді.

Сәкен Әтел, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы: 

Оңтүстік және солтүстік өңірде жер астында су бар. Енді жер астына жіберер болсақ, ертең ол зиянды әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті бұны көрші елдер қолданып жатыр екен деп біз де қолданайық деп айту болмайды.

Қуаңшылыққа бейім ел үшін суды тиімді пайдалану жолдарын қалайда меңгерген маңызды дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде солтүстік және батыс аймақтар топан сумен күресіп жатқанда оңтүстік өңірдегі кей диқандар су тапшылығына шағынып отыр.

 Нұрсейіт Рысбаев, диқан:

Орамжапырақ суғарылмай қалды, сол себепті солып қалатындықтан шығынға батамыз. Сол үшін Үкіметтен несие алып отырмыз. Дәл қазір жауын жауса біздің егініміз көгереді, болмаса су жоқ.

Нұрлыбай Рысбаев, диқан:

Диханның бір күні, бір жылға азық демекші су мәселесі бізде үнемі болады. Жылда су жетіспей, арықар тазаланбайды.

 Өңір-өңірді кенет топан су басқанда болжам жасау ісі сыналды. Жауаптылар табиғаттың мұндай аномалиясына дайын болмағанын айтып, ақталды.

Сәкен Әтел, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы: 

 1-ақпан мен 1-наурызда гидрологиялық болжам берілді. Сол болжамдарға сәйкес біздегі гидронысандардың барлығы дайындалды. Бірақ бүгінгі су, келіп жатқан есептерге сәйкес, болжанғаннан екі-үш есе көп су келіп жатыр.

Енді министрлік космомониторингтен, гидрологиялық бекеттер мен метеостанциялардан түсетін деректерді бір жерге жинақтайтын ақпараттық жүйе әзірлемек. Сарапшылар су райын болжау түзелмейінше тасқынға қарсы қам-қарекет те шала күйінде қала береді дейді.

Ерлан Бадашев, Су ресурсы бойынша сарапшы:  

 Қардың қалыңдығын, жердегі ылғалдық сияқты жағдайларды, белгілі бір кезеңдегі ауа райы жылынуына байланысты судың тарауын болжауға болады.

Адай Секенұлы, География ғылымдарының докторы, профессор

Біздің елде 370-тей бақылау пункті бар. Бірақ ол аздық етеді. Тығыздығын арттыру керек.  Бақылау пункттерінің саны 600-ге жуық болғаны абзал. Тәулік бойы  бақылап отырып, сандармен қамтамасыз етіп, биыл тасқын бола ма, жоқ па деген деректерді ең соңынан шығарамыз.

Құралай Яхияева, Мемлекет аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияссы ғылым-ақпараттық орталығы қазақ филиалының сарапшысы:

Болжам жасау – бір, оны талдау жасап, іс-қимылын жоспарлау екінші мәселе. Берілген мәліметке байланысты оқып түсінетін маман жетіспейді. 

 Міне, осы тұста тағы бір түйткілдің беті ашылды – салада білікті маман тапшы.

 Әмірхан Кеншімов, Гидротеник, Су шаруашылығы саласының ардагері:

Инженерлік, техникалық пәндерді оқымағаннан кейін мамандардың деңгейі өте төмен болады. Өйткені сызбаны оқи алмағаннан кейін жоба дұрыс жасалмайды.  Біз қазір инженер емес философ дайындап жүрміз.

Ерлан Бадашев, Су ресурсы бойынша сарапшы:  

Бұрындары үш-ақ институт болатын. Қазір Қазақстанның әрбір қаласында су маманы, әрбір институтта дайындайтын факультет бар.

Адай Секенұлы, География ғылымдарының докторы, профессор:

Мамандық деген аты болғанымен, затына сай емес. Қажетті жабдық пен зертхана, практикалық база жоқ, Оқуын аяқтаған түлектердің не істейтіні белгісіз. 

Құралай Яхияева, Мемлекет аралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияссы ғылым-ақпараттық орталығы қазақ филиалының сарапшысы:

Аудандағы, облыстағы су шаруашылығы мекемелерінде бұрыннан жұмыс жасап келе жатқандар зейнетке шығып жатыр. Оның орнын толтыратын.Себебі аудандық немесе территориялық бөлімшелердегі мамандардың 85-130 мың теңге.

Жоғары білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, су саласы үшін елдегі 9 оқу орнында маман даярланады. Жыл сайын олардан 200-ден астам студент түлеп ұшады. Ал оқыған мамандығын қуып, жұмысқа тұрып жатқандардың саны белгісіз. Табыс қуып кеткендері көбірек екені анық.

Данияр Қайыртай 

Хабарламаларға жазылу