Мектеп оқулықтары терең талдаудан өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп оқулықтары терең талдаудан өтеді

25.01.2025

Келесі жылға арналған мектеп оқулықтары сараптамадан өтті. Барлығы 278 оқулық пен оқу-әдістемелік құралы тексерілген. Оның 266-сы мақұлданып, пайдалануға ұсынылыпты. Иә, жыл өткен сайын кітаптағы орфографиялық қателер түзеліп, мәтін мазмұнына қатысты олқылықтар оңалып келеді. Дегенмен, ата-аналардың көңілі толмайтын тұстары да бар. Ол қандай кемшілік? Ернұр Медет тарқатып айтады.

Аркен Махмұттың төрт баласы бар. Екеуі бастауыш сыныпта оқиды. Ұл-қыздары үй тапсырмасын орындағанда өзі қадағалайтын әке оқулықтардың көңілге қонымсыз тұстары бар екенін айтады.

Аркен Махмұт, ата-ана:

Бұрынғы 5-10 жылғы оқулықтар сияқты көп қате жоқ. Бірақ кейде тақпақ жаттау кезінде, кіші балаларға тым күрделілеу немесе ұйқасы келмей қалатын өлеңдер де кездесіп жатыр. Соны жаттатқан кезде қиыншылықтар туады. Ұйқасы жоқ болғаннан кейін жаттауы қиындайды, көп сөздерді түсінбей жатады.

Бүлдіршіндердің танымына сай, төрт жолға орамды ой сыйғызып, жеңіл әрі жүйелі жазатын ақындар әлі де бар. Бұл 20 жылдан бері балалар әдебиетіне қалам тербеп келе жақан Болат Үсенбаевтың пікірі. Тек кітап құрастырушылар оқулыққа енетін тақпақты таңдауда қателесуі мүмкін. Сондай-ақ ата-аналарда кейде орынсыз кінәлайтын көрінеді.

Болат Үсенбаев, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

Ата-ананың бәрі педагог емес қой. Ол өлеңнің қойылған мақсатын білмейді. Өйткені қазір заман өсті, уақыт өсті. Ата ана мектеп бітіргелі 20 жыл, тіпті 30 жыл болды. Ал қазір ғылым өсіп, жағдайдың бәрі өзгергеннен кейін оқыту әдістемесі өзгерген соң, ол кейде лайық. Оны ата-ана түсінбей қалады.

Жалпы оқулық баланың қолына түспес бұрын 5 рет сүзгіден өтеді. Сараптау комиссиясындағы педагогтер мен ғалымдар кітаптың мұқабасынан бастап, мазмұны, ішіндегі өлеңдер мен суреттерге дейін жіті тексереді. Жауаптылар ел айтқан ескертулерді де ескереміз дейді.

Мәншүк Мұқаметқали, ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары:

Жалпы осы оқулықтар бойынша қандай сын-ескертулер берілді, біз соларға талдау жасадық. Кез келген адамның, кез келген қоғам мүшесінің құрастырған өлеңі оқулыққа енгізілмейді. Мәселе ең бірінші оқу бағдарламасында қандай ақын-жазушылар болу қажет. Кейбір базалық мазмұнда қандай ақын-жазушылардың қандай шығармалары болу керек деген дүниелердің бәрі оқу бағдарлмасында беріледі.

Отандық оқулықтағы олқылықтар туралы бұған дейін талай айтылған. Бірақ бүгінде елде кітапқа сараптама жүргізетін сарапшылар базасы қалыптасты. 2000-нан аса маман арнайы оқытудан өтіп, сертификат алған. Соның нәтижесінде кем-кетіктер біртіндеп түгенделіп келеді.

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу