Соңғы 6 жылда еліміздің спорт саласын қаржыландыруға 1,4 триллион теңге жұмсалған. Алдағы жылдары аталған салаға тағы осыншама ақша бөлінбек. Депутаттардың сөзінше, Қазақстан кәсіби спортқа ақша құюдан Канада , Новегия және Нидерландыны басып озған. Бірақ, жетістіктер мен көрсеткіштер осыған сай ма? Қыруар қаражат қайда кетіп жатыр? Тілшіміз Нұрсұлтан тілектес зерттеп көрді.
Қазақстан спорт саласын қаржыландыруға жыл сайын миллиардтаған қаражат бөледі. Бірақ, одан әзірге нәтиже шықпай отыр. Сөзімізге дәлел ретінде мына бір статистикаға тоқталсақ. Қазақстан 2013 жылы спорттағы жетістіктері жағынан әлемде 25 орында болған. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 42 орынға дейін түсіп кеткен.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бөлінген ақшаның 60 пайызы олимпиадалық емес спорт түрлеріне бөлініп келгені көрінді. 180-нан астам спорт түрін тіркеп жібергенбіз, бәріне оңды-соңды ақшаны беріп келгенбіз. Мысалы бізде кәсіби спортқа 340 млрд теңге берілген болса, ал бұқаралық спортқа берілген ақша содан 9 есе аз. Ал,\ біз сол кәсіби спортқа бөлінген ақшадан пайда көріп жатырмыз ба?! Меніңше жоқ.
Былтыр еліміздегі футбол клубтарына бюджеттен 27 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл күні Ұлттық қордағы ақшаға қараған мемлекетіміз үшін өте үлкен сома. Ол ол ма, соңғы 6 жылда «Астана» футбол клубының өзі 50 млрд теңге қаржы алған. Еурокубоктерде сәтті өнер көрсете алмайтын командаға осыншама қаражат бөлудің не қажеті қанша деген сұрақ туындайды. Хоккей клубтары да қалыс қалар емес. Мәселен соңғы жылдары «Барыс» хоккей командасына ел қазынасынан 49 млрд теңге жұмсалған. Бірақ....
Жігер Әзбергенов, спорт комментаторы, сарапшы:
Әлі де бірде-бір жетістікке жетпедік Құрлық хоккей лигасында. Сәтті маусымдар болды. Бірақ біз әрі қарай одан өте алмадық. Қиын сұрақ былай қарап отырсаңыз. Шетелдіктерден бас тартып жатыр.
Иә, футбол, баскетбол, хоккей және волейбол клубтарына қыруар қаржы бөлінуінің себебі оларда легионерлер өнер көрсетіп келді. Олардың қанша жалақы алатыны көпшілікке мәлім. Дегенмен, биылдан бастап Мәжіліс депутаттарының бастамасымен көптеген өзгерістер енген арнайы заң жобасы қабылданғалы жатыр. Оған сай шетелдік спортшыларға қаржы бөлінбейтін болды.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
Енді легионерлерді мемлекеттік, квазимемлекеттік қаражаттан біз қаржылындырмаймыз. Ол клубтардың мәселесі болса, демеушілердің, федерацияның есебінен қаржыландыратын болады. Жалпы біз тек қана отандық спортшыларға көңіл бөлеміз. Легионерлерді әдейі әкелмейміз.
Осы тұста мынадай қызық статистикаға тоқтсалсақ. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 126 шетелдік спортшыға азаматтық берген. Бірақ, олардың әрбір екіншісі кейін өз еліне қайтып кеткен. Мәжілісмендер қолға алған заң жобасында федерацияларға тіркелген спорт түрлерін қысқарту да қарастырылған. Енді бір федерацияға бір спорт түрі ғана болады.
Нұрсұлан Тілектес, тілші:
Маңызды құжатта осы кезге дейін қаржыландырылып келген 180 спорт түрін 3 есеге қысқарту көзделген. Оған сай тек олимпиадалық, бұқаралық және мүмкіндігі шетеулі жандарға арналған спорт түрлеріне қаражат бөлінеді. Біршама өзгеріс енген заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, келер апта екінші оқылымда тағы бір рет талқыланып, Сенаттың қарауына жолданады.
Нұрсұлтан Тілектес
