АҚШ Президенті қызметіне кіріскеніне бір күн өтпей жатып сотқа тартылды. 22 штаттың бас прокурорлары Дональд Трампты лауазымын асыра пайдаланып, конституцияға қайшы әрекет етті, деп айыптап отыр. Себебі кеше Ақ үй басшысы азаматтығы жоқ адамдардың Америка жерінде туған балаларына азаматтық бермеу туралы бұйрыққа қол қойған еді. Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Трамп өзі айтқандай кеше қол қойған маңызды құжаттардың бірі осы. 700 сөзден тұратын бұл бұйрық арқылы Америка жерінде заңсыз не уақытша визамен жүрген ата-ананың жаңадан туған балаларына азаматтық беруге тыйым салмақ. Бұл ереже бір айдан соң күшіне енеді. Алайда, Трампты конституция талабын бұзды деп айыптаған адам құқықтары жөніндегі ұйымдар мен 20-дан аса штаттың бас прокурорлары Жоғарғы сотқа шағым түсірді.
Роб Бонта, Калифорния штатының Бас прокуроры:
Президент өз өкілеттігін шектен тыс асыра пайдаланды. Біз оны сол үшін жауапкершілікке тартамыз. Соттан осы жарлық күшіне енбей тұрып тоқтату үшін алдын ала тыйым салу туралы шешім шығаруды және сот ісі жүріп жатқан кезде, Америкада туған көптеген балалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуді сұраймын.
Конституция бойынша Америка жерінде туған кез-келген бала автоматты түрде АҚШ азаматы болып саналады. Яғни ата-аналарының иммиграциялық мәртебесі маңызды емес. Бұл он төртінші түзету конституцияға 150 жыл бұрын енгізілген. Яғни 1,5 ғасырдан бері жұмыс істеп тұр. Сондықтан прокурорлар Трамп бір бұйрық арқылы бұл бапты мансұқтай алмайды дейді.
Ник Браун Вашингтон штатының Бас прокуроры:
Біз бәріміз президенттің өз саяси мансабын иммигранттарға қарсы қорқыныш пен өшпенділікті қоздыру арқылы бастағанын білеміз. Енді ол Америка азаматтығының мағынасын толығымен қайта қарағысы келеді, бірақ оған мүлдем құқығы жоқ. Бір адам, тіпті ол президент болсын конституцияның талабын жоққа шығара алмайды.
АҚШ конституциясы бойынша тек шетелдік дипломаттардың және басқыншы жаулардың балалары ғана азаматтық ала аламайды. Америка жерін ешкім жауламағандықтан соңғысы мүлдем іс жүзінде қолданылмайды. Дегенмен Трамп дипломаттарға қатысты шектеулерді негізге алмақ. Ал статистика бойынша жыл сайын 150 мың бала АҚШ-та туғаны себепті азаматтық алады. Кейбір шетелдіктер осы мүмкіндікті пайлану үшін арнайы АҚШ-қа келіп босанып жатады. Трамп өзінің бұйрығы арқылы бұған жол бермеуді және жаппай депортацияны кедергісіз жасауды көздеп отыр.
Жалғас Сәдібекұлы