Полиэтилен пакеттерден бас тартуға дайынбыз ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полиэтилен пакеттерден бас тартуға дайынбыз ба?

16.01.2025

Қазақстан полиэтилен пакеттерден бас тартуға дайын ба? Биылдан бастап полиэтилен пакет өндірісін біржола тоқтатуды Экология министрлігі жоспарлаған еді. Бірақ жоспар жүзеге аспаған. Себебі неде? Халықтың экосауаты қай деңгейде? Тілшіміз Ақниет Балтанова зерттеп көрді.

Ақниет Балтанова, тілші:

Қай дүкенге кірсек те алғанымызды осындай полиэтилен пакеттерге салып береді. Үйдегі сөремізде оралып қанша пакет жатыр десеңізші? Оларды біз қалай пайдаланамыз? Соңында қайда тастаймыз? Бір күнімізді ой елегінен өткізіп көрелік.

Дәл осылай жел ұшырып, қанша полиэтилен қоқыста жатыр. Жылына 6 млн 300 мың тонна пакет теңіздер мен мұхиттарды ластайды. Қауіпті қоқыстан құтылу үшін Экология министрлігі алты жыл бұрын полиэтилен пакеттерден бас тартуды ұсынып, дүкендерде тегін таратпай, сату іске аса бастады. Бастама нәтиже берді ме?

Марат Қасенғалиев, полиэтилен пакет өндіретін кәсіпорын директорының орынбасары:

Біз 1996 жылдан бері жұмыс істейміз. Сол пакеттерді тегін бермей, сату жобасы басталған сәтте ғана біздің тауарға сұраныс төмендеді. 1-2 айдан соң сатылым бұрынғы қалыпқа келді. Ал 2024 жылы өндіріс тіпті 30 %-ға артты. Өндірісті тоқтатуды емес, пластик пакеттерді қайта сұрыптау ісін бір жолға қою керек. Сонда проблема болмайды деп ойлаймын.

Иә, полиэтилен мен пластик - ғаламдық мәселе. Әлемнің 127 елі зиянды дорбалардан бас тартқан. Ал 30 мемлекетте пластикалық пакетті тек сатып алады. Дания бұл тыйымдарды 1994 жылы бастап кеткен. Финляндияда пластик пакеттерді қабылдайтын автоматтар орнатылған. Ал Франция 9 жылдан бері қолдануға, өңдеуге тыйым салды. Қазақстан да 2025 жылы полиэтилен пакеттің өндірісін тоқтатуды жоспарлаған еді. Бірақ орындалмады.

Назгүл Әлімсүре, ҚР ЭТРМ коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы:

Қандай да бір шешім қабылдар алдында біз анализ жүргізуіміз керек. Осы сала қаншалықты дайын мұндай тыйым салуға? Зерттей келе бірден бас тарту тиімсіз екенін түсіндік. Олармен күресу бойынша халықаралық құжат қабылдану үстінде. Бірінші кезекте экология мен өндірістің ортақ балансы болуын, полиэтилен өндіретін кәсіптің зиян шекпеуін қарастырамыз.

Полиэтилен пакеттерден жаппай бас тартуға халық дайын ба? Экосауатымыз қай деңгейде?

- Өндірілетін пакетті қолданғанды дұрыс деп санаймын.
- Сатып алған жер «целлофанға» салып береді ғой. Біздің қалаған пакетімізге салып бермейді ғой. Олар қаншалықты арзан пакет болса, соған салып береді.
- Бәрібір. Оны тастамасаң болды ғой көшеге.
- Қағаз пакеттен жақсысы жоқ. Баяғы қағаз пакеттер және сеткалар.
- Экологияға зиян жағы болуы мүмкін. Десе де, әзірге ең ыңғайлы, ең көп қолданылып жатқан осы пакеттер боп тұр ғой.

Ал мамандар пластик пен пакет өндірісін тоқтатудан бұрын, қайта сұрыптауды жолға қою керек дейді. Елде пластикті өңдейтін 53 кәсіпорын бар. Биыл олардың қуатын 98 мың тоннаға арттыру жоспарланып отыр.

Ақниет Балтанова, тілші:

Алдымда глобус яғни әлем картасы. Дәл осы әлемді мынадай полиэтилен пакеттер жаулап алды. Олардың ыдырауына мың жылдай уақыт керек. Бірақ осы аралықта полиэтилен пакеттер улы заттар түзіп, суға, топыраққа, ауаға тарайды. Бұл пакеттердің ішіне азық-түлік салса, адам ағзасына да улы заттар тарап, жүрек, қан аурулары көбейетінін ғалымдар дәлелдеді. Содан болар Еуропа халқы матадан жасалған дорбаларды өзімен ала жүреді. Ол ыңғайсыз десеңіз, полиэтилен пакеттерден бас тартып, био ыдырайтын пакеттерге көшкен жөн. Бірақ биопакеттер мен экопакеттердің де түр-түрі, зиянды, зиянсызы бар. Ол енді басқа әңгіме.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу