Алматыдағы ауаның ластануына көліктерден шыққан улы газдың да үлесі басым. Қазір Алматы мен Астанадағы әр отбасында кемі екі көлік бар. Көлік улы газ таратпау үшін не істеуге болады? Мәселенің шешімі бар ма?
Бұл сапасы төмен жанармайды қолданудың салдарынан болады. Журналист әрі автосарапшы Оңғар Алпысбайұлы жаңадан шығып жатқан көліктерге октан саны төмен бензин құймауға кеңес береді.
Оңғар Алпысбайұлы, журналист, автосарапшы:
Сапасыз бензин толық жанбайды, толық жанбаған бензин, газ катализаторды бітейді. Ол арзан нәрсе емес, ең қымбат бөлшектердің бірі. Ал катализатор бітеліп тұрған кезде артық түтіндер қайтадан қозғалтқышқа келіп, ішін де бұзуы мүмкін. Сондықтан сапалы бензин құйып жүрген дұрыс болып есептеледі.
Иә, автокөлікке сапалы бензин керек. Жанармай құю бекеттеріндегі бензиннің сапасы стандартқа сай ма? Бұған маманның жауабы мынадай.
Рашид Жақсылықов, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының төралқа төрағасы:
Негізінде біз Кеңес үкіметінен 50-76 маркалы бензин шығаратын зауыттарды алып қалдық. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары жасалғанмен, жаңа технологияларға ілесе алды ма?! 7-8 млн тоннасын біз Ресейден алып отырмыз. Енді Ресей бізге қаншалықты дұрысын беріп жатыр? Естуім бойынша, сол жерден 76 келеді дейді. Кейін біздікілер химиялық қоспаларды қосып, сол арқылы 92-93-ке жеткізіп жатыр дейді.
Десе де, қазақстандық жүргізушілердің басым бөлігі октаны төмен жанармай құюға мәжбүр.
Егер көлігіңіз жаңа болса немесе су жаңа тұлпар мінгіңіз келсе, оған қымбат жанармай құюға дайын болыңыз. Өйткені нашар жанармай заманауи автомобильдердің қозғалтқышын құртады.
Алексей Алексеев, автосарапшы:
Автомобиль өндірушілер көліктің багінің қақпағына қандай бензин құю керек екенін нұсқайды. Мәселен, жаңа көліктердің басым бөлігіне октаны 95 немесе одан жоғары жанармай құйған жөн. Өйткені олардың қозғалтқышы одан төмен бензинге арналмаған.
Одан қалды сапасыз жанармаймен жүретін көліктер ауаны ластайды. Мәселен, Астана мен Алматы аспанында қалықтап тұратын көк түніннің басым бөлігі көліктерден шыққан улы газдардан қалыптасады.
Лаура Мәлікова, эколог:
Техникалық тұрғыдан ол бензиннің сапасын, октан санын көтереді. Бірақ экологиялық тұрғыдан ол өзінің зиянын тигізеді. Озот оксидіне келгенде, күкірт оксидіне келгенде әрине бұл автомобильдер ең ластаушы көзі. Себебі олардың саны көп.
Қазақстанда көліктерден ауаға жылына 40 мың тоннаға жуық улы газ тарайды екен. Сондықтан мамандар жүргізушілерге октаны, яғни сапасы жоғары жанармай құюға немесе газға көшуге кеңес береді. Тіпті болмаса электромобильдерге ауысқан жөн.
Нұрсұлтан Тілектес
