Елдегі театрларда балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдар аз немесе жоқтың қасы. Өнер ұжымдарының жылдық репертуарларында мектеп жасындағы аудиторияға бағытталған бірді -екілі спектакль бар, оның өзі жаңа жылдық ертегі сынды қойылымдар. Ал театр - ұрпақ тәрбиесінің мықты құралы болуы тиіс. Талдықорғанда өткен республикалық театр басшыларының кеңесінде балалар драматургиясын дамытудың жолдары айтылды.
Бикен Римова атындағы драма театрының кезекті қойылымы бұл. Қоғам дерті сыбайлас жемқорлықтың зияны мен зардабын көрсететін «Көке» деген туынды. Тақырып күрделі, Бірақ жастар көруге келді. Амал нешік. Сахна өнерінен рухани азық іздейтін патша көңілді көрермен де, әр рөлін жан-тәнімен жеткізуге тырысатын әртіс те жастар тақырыбы театрда аз қозғалатынын мойындап отыр.
Айша Досқұмарова, көрермен:
Қазіргі жастарда көп проблема бар. Осы театр арқылы көрсетсе жақсы болар еді. Оқушыларды апарады ғой мектеп кезінде. Балаларды әкеліп жақсы нәрсені насихаттаса менің ойымша өте жақсы нәрсе деп ойлаймын.
Аян Қожбанова, актриса:
Жасөспірімдер мен балаларға арналған шығарма жоқ, жоқтың қасы десек болады. Біздің негізгі көрермендеріміз сол жасөспірімдер мен балалар ғой. Студенттер. Соларға арналған, оқушыларға арналған тақырыпты шығармалар көп болса, біз ойнауға әрқашан дайынбыз.
Елімізде балалар мен жасөспірімдер тақырыбын қаузайтын жазушы мен драматург жоқ емес, бар. Бірақ саусақпен санарлық дейді театр сыншылары. Олардың еңбегі де арзан бағаланып отыр. Нәтижесінде бәсекелестік жоқ. Ал балалар жанына азық болып, бағыт бағдар беретін тақырып өте көп.
Анар Еркебай, театр сыншысы, профессор:
Жастарды мазалайтын мәселелер де өте көп. Жаңа тақырыптар шығып жатыр. Буллинг тақырыбы, суицид тақырыбы, жаңағы сол нашақорлықтың түрі өзгеріп жатыр. Осының барлығы әрине театр арқылы балаға жету керек. Театр арқылы осындай нәрседен қашу керектігін үйретуіміз керекпіз.
Театр басшыларының айтуынша көтерілетін тақырып та, оны көрерменге жеткізетін өнер ұжымдары да жетерлік. Тек ортада сапалы сценарий мен шынайы шығарма қажет.
Асхат Маемеров, Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры:
Ғасыр өзгергенімен, техника өзгергенімен, балалар гаджеті өзгергенімен балалардың жан дүниесіндегі дүниеге деген көзқарас: өкініш, қуаныш, шаттану, ата-анадан мейірім күту. Осы бір тағылымға, танымға құралған дүниелер ешқашан өзгермейді.
Драматургтер негізінен осы бағытта шабыт шақырып, қалам тербесе сонда ғана мектеп жасындағы көрермен жүрегіне жол табылады, дейді өнер жанашырлары. Ал Жетісуда балалар мен жастарға арналған жеке театр мүлдем жоқ.
Қуаныш Қанатұлы