2025 жылы бір айлық есептік көрсеткіш - 3 932 теңге болып бекітілді. Осыған байланысты салық пен айыппұл көлемі өсті.
Мәселен, азаматтар қоғамдық орында түкірсе, қоқысты белгіленбеген орынға тастаса, 19 660 теңге айыппұл төлейді. Көршілеріне маза бермей, беймезгіл шулайтын адамдар да осындай ақшаға шығындалады. Бір жылдың ішінде екінші рет қайталанса, 39 320 теңге төлейді. Ал көпқабатты үйдің тұрғындары қоқысты пәтердің алдына немесе кіреберіске қалдырса, 78 640, қайталаса, 117 960 теңге төлейді. Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға заң тіпті қатаң, 11 миллион 796 мың теңге айыппұл салынады. Қоғамдық орында балағат сөз айтқандар 78 640 теңге айыппұл төлейді, немесе 30 тәулікке дейін қамалады. Жалпы, айыппұлдың өсуіне қатысты тұрғындардың пікірі қандай?
Айыппұлдың жыл сайын өсуі қалыпты процесс дейді сарапшылар. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бұл халықтың құқықтық сауатын арттыруға да әсерін тигізеді.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Айыппұлдың өсуі бірінші кезекте азаматтардың тәртіп бұзуға деген ниетін тоқтатын дүние. Яғни айыппұл жоғарылаған сайын жол қауіпсіздігі бар, басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтардың азаюын байқауға болады. Бұл – бірінші артықшылығы. Екінші артықшылығы – мемлекеттің кіріс бөлігін қалыптастыратын бір қаражат көзі.
Асылбек Данияр
