Алматы тағы қар құрсауында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы тағы қар құрсауында қалды

20.12.2024

Бүгін Алматы тағы қар құрсауында қалды. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істесе де, үсті-үстіне жауған ақ ұлпаны тазалап үлгермей жатыр. Салдарынан қозғалыс қиындап, ұзын-сонар кептеліс туындады. Қала әкімшілігі әзірге Медеу мұз айдыны мен Шымбұлақ тау-шаңғы курортына бармауға шақырды. 

Ернұр Медет, тілші:

Таңғы сағат 8-ден бастап жауған қар, болжам бойынша кешкі 21:00-ге дейін жалғасады. Қазір мегаполисте қар күреу жұмыстарына 1000-нан аса адам, 603 бірлік техника жұмылдырылған. Алайда алып шаһарды ақ ұлпадан арылту ісіне тұрғындардың көңілі толмайды. Тіпті, ең басты деген даңғыл жолдардың өзі дұрыс тазаланбады деп шағымданып жатыр.

Ал әкімшілік жұмыс күші жеткілікті,барлығы бақылауда деп отыр. Шағын көлемді 70 техника жаяу жүргінші жолы мен аялдамаларды тазалауға кіріскен. Соңғы 4 күнде қала аумағынан 45 000 текше метр қар шығарылыпты.

Фатима Молдасанова, Қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:

8 аудан бойынша коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Осы таулы аймақтарға ерекше көңіл бөлінген. Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағында 28-ден астам құм сепкіш техника жұмылдырылуда.  Қазіргі кезде тұрғындарға кішкене сабырлық сақтап, түсіністікпен қарауларын сұраймыз.

Қолайсыз ауа байланысты Алматы халықаралық әуежайы сағат 20:45-тен 23:00-ге дейін ұшып келетін рейстерді қабылдай алмайтынын хабарлайды. Ұшып кетуші рейстерге метеорологиялық жағдайдың жақсаруына қарай қызмет көрсетілмек.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу