СҚО-да оқушылар аядай ғимаратта білім алуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да оқушылар аядай ғимаратта білім алуға мәжбүр

20.12.2024

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сулышоқ ауылының балалары аядай жерде білім алуға мәжбүр.

Нысан бастауыш мектеп ретінде 1990 жылы салынған. Жалпы ауданы 260 шаршы метр. 50 орынға арналған мектепте 78 бала оқиды. Одан бөлек ұжымда 50 адам жұмыс істейді. Небәрі 5 оқу кабинеті бар. Спорт залы, акт залы, арнайы сыныптарды айтпағанда тіпті оқушыларға арналған компьютерлер де жоқ.

Жанатхан ТАЗАБЕКОВ, мұғалім:

Тәжірибелік сабақтар жоқ. Жеке кабинет те жоқ. Жеке болғанда мұғалімдер кабинеті болуы керек. Әрқайсысының өзінің жұмыстары бар. Компьютеріміз де біреу. Көріп тұрсыздар. Ол да қиындықтар көп тудырады. Әрқайсысы өздері істейді бәрін, үйінде. Мектепте сабақ өтетін қағаздардың барлығын өздері шығарып алып келеді.

Бала саны көбейгендіктен, ата-аналар жаңа ғимарат салу мәселесін көтерген. Аудандық білім бөлімі көршілес елдімекенге қатынап оқуды ұсынған. 14 шақырым жерде орналасқан Успенка ауылдық мектебі 600 орынға арналған. 3 қабатты нысанда 26 бала білім алып жүр. Алайда көпшілік оған қарсы. Сулышоқ ауылындағы мектеп бастауыш болып қысқартылса, балалармен бірге мұғалімдерде де күн сайын жұмысқа қатынауға мәжбүр болады.

Айнагүл Сұрағанова, облыстық білім басқармасының басшысы:

Тұрғындардың санын, бала санының өсуін қарасақ, динамиканы бірнеше жыл байқау керек. Қазіргі мынау 78 бала үшін күн тәртібінде мектеп қаланады деген сұрақ тұрған жоқ.


Хабарламаларға жазылу