Қазақстандық тасымалдаушылар саны қысқаруы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық тасымалдаушылар саны қысқаруы мүмкін

20.12.2024

Көлік министрлігі 15 қаңтардан бастап жүк тасымалдаушыларға жаңа талаптар енгізбек. Осы арқылы кедендік рұқсат құжатын заңсыз алып - сататындардың жолын кесуді көздейді. Ережеге сай, министрлік әр машинаға VIN-код нөмірлері бойынша кедендік рұқсат қағазын береді. Бұдан бөлек, көлік құралдарының шекарадан кіріп-шығу мерзімі қысқарып, өтінім беру рәсімдері өзгермек.

Қуаныш Ермұханов, «Атамекен» ҰКП логистика және көлік департаменті директорының орынбасары:

Егер тасымалдаушы берілген мерзімде шығып үлгермесе оған кейін мүлдем рұқсат құжатын алуға мүмкіндік болмайды. Өтініш берілген автокөлік құралы өзінің VIN-код номеріне бекітіліп, басқа тасымалдаушыға ауысқан жағдайда да рұқсат беру құжатын ала алмайды.

Бірақ бұл өзгерістер қазақстандық тасымалдаушылардың санын қысқартып, 12,6 мың отандық компания мен олардың 80 мың техникадан тұратын автопаркіне қауіп төндіре ме деген алаңдаушылық бар.

Жалел Жасекенов, кәсіпкер:

Нақты ұсынысымыз мына машинаның номерін жазбау керек.  Сосын 30 күн дегенді алып тастау керек. Біз айтып жатырмыз машинаның номерін жазбаңыздар, мекеменің атын жазыңыздар. Машинаның номерін өзіміз қоямыз. Өйткені менің бір машинам сынып қалса екінші машинам алып кете береді. Кеден бойынша ондай рұқсат бар. Ал бұларда машинаның номері болғаннан кейін біз келесі машинаға бланкі ала алмаймыз.

Еске салайық, халықаралық жүк тасымалы нарығында қазақстандық тасымалдаушылардың үлесі 50 пайызды құрайды. Әзірге құзырлы орган мен бизнес өкілдері арасында ортақ келісім жоқ. Жаңа талаптар әлі талқыланбақ.

Серк Жұмабек


Хабарламаларға жазылу