Басты Жаңалықтар Алматыда 2025 жылы екі жаңа BRT желісі салынады

Алматыда 2025 жылы екі жаңа BRT желісі салынады

Алматыда 2025 жылы екі жаңа BRT жобасы жүзеге асырылады. Мегаполис басшысы Ерболат Досаев осының арқасында қоғамдық көліктердің қозғалысы реттеліп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалады деп сендірді.

Автобусқа арналған қосымша жолақ Желтоқсан көшесінен басталып, Райымбек даңғылына дейін жалғасады. Бұл аралық 4,6 шақырым. Одан әрі қарай Пушкин көшесінен өтіп, Алтын ордаға дейін жетеді. Осылайша Алматыдағы BRT-ның жалпы ұзындығы қазіргі қолданыстағымен қосқанда 30 шақырымнан аспақ.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

Сарапшылармен талқылаулардан кейін қала тұрғындарына қолайсыздықты азайту мақсатында екі кезең бойынша жұмыстарды бірден бастау туралы шешім қабылданды. Біз бірінші жолақтарды тарылтып, қоғамдық көлікке арналған қосымша жолақ үшін орын босатамыз. Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың наурыз айында басталып, жыл соңына дейін аяқталады.

Ерболат Досаев биыл Алматыда инфрақұрылымды дамыту ісіне де көп көңіл бөлінгенін айтты. Алып шаһардағы 255 көшенің жолына орташа жөндеу жүргізіліпті. 25 шақырым жаңа жол салынып, Құлжа тас жолы 6 жолаққа дейін кеңейтілген. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын таппақ.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

Келесі жылы 35 км жаңа жол салынып, 300 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сейфуллин-Жансүгіров жолайырығын іске қосу, 2 радиалды әне 2 магистральдық көшені ұзарту көлік байланысын қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстар сапалы жолдардың үлесін 2024 жылғы 92%-тен 2025 жылы 95%-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 2030 жылға дейін қаладағы ескі үйлердің тең жартысы модернизацияланады. Бүгінде мегаполисте 1400-ге жуық тозығы жеткен ғимарат бар. Реновациялау бағдарламасы аясында оның 676-сы қайта жаңармақ. Басты мақсат сейсмикалық қауіпсіздікті күшейтіп, шаһарды одан әрі көріктендіру.

Ернұр Медет

Бөлісу