Сириялықтардың тілегі қабыл болды. Көрші елдерге қашқан мыңдаған босқын отанына оралып, жақындарымен қауышып жатыр. Солардың бірі – Дима Әз-Зедин. Еліне келіп, жұмысына шыққан журналист эфир кезінде эмоциясын тежей алмады.
Дима әз-Зедин, сириялық журналист:
Менің атым Дима әз-Зедин, 14 жыл жырақта жүріп өз еліме, туған қалам Дамаскіге оралдым. Бұл – барлық сириялық журналистер бастан кешкен оқиға. Асад режимі талайларды өлтірді. Мен 14 жылда осының бәрін бастан кешкен журналистерге алғыс айтқым келеді. Олар тірі болғанда Сирияға бірге оралар едік.
Иә, Асад үкіметінің құлауы бүкілхалықтық мерекеге айналды. Бүгін Сирия астанасының әуежайы қайта ашылды. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Башар Асад режимі құлағалы сириялықтардың қуанышында шек жоқ. Соңғы күндері орталық алаңдар мен көшелерге миллиондаған адам шығып, ән салды, би биледі. Ересектер ғана емес, балалар да төрткүл дүниені елең еткізген тарихи оқиғаға куә. Көптің қолында бұрынғыдай екі жұлдызды емес, үшжұлдызды жаңа ту.
Рамазан Әз-Заин, Алеппо тұрғыны:
Алаңға қуанышымызды білдіру үшін келдік. Алеппо – енді сириялықтардікі.
Нұр Диуани, Мемлекеттік қызметкер:
Біз бүгін көптен күткен жеңісті тойлауға келдік. Құдайға шүкір, ұлы халықпен қуанышымызды бөлісіп жатырмыз. Бұл жеңіс тарихта қалады.
Асадтар әулетінің жарты ғасырлық диктатының күйреуін Дамаск, Хамас, Хомс, Латакия, Ракка сияқты ірі қалалардың халқы да шаттана тойлады. Жұрт мыңдап мешіттерге ағылып, Сирияға жанашыр басшы, бейбітшілік пен өркендеу тіледі. Соның бірі – Латакия тұрғыны Мухий әд-Дин. Қиын-қыстау кезеңде елін қиып кете алмаған. Бүгінгі өзгерістерден үлкен үміт күтіп отыр.
Мухий Әд-Дин, кенші:
Асад режимі адамдарды алдап, өз жағына шығуға мәжбүр етті. Кейбіреулер балаларының болашағы үшін басқа жаққа кетті. Бірақ өз басым кетпедім және кетпеймін де. Өйткені бейбітшілік жобасы адам құқықтарын құрметтеуге бастайды деп сенемін.
Асад үкіметін төңкерген көтерілісшілер жаңа әкімшілік құрды. Оның тізгінін әйгілі «әл-Каидамен» байланысын үзген «Хаят Тахрир әш-Шам» тобы өз қолына алды. Ол Сирияда толерантты әрі әркімнің мүддесін ескеретін инклюзивтік тәртіп орнатуға уәде беріп отыр.
2011 жылы революция басталып, оның соңы соғысқа ұласқанда сириялықтар шетелге үдере қашты. Бір Түркияның өзіне 3 миллион босқын кірген екен. Сол адамдар қазір отанына мыңдап оралып жатыр.
Соңғы күндері белгілі болғандай Асадтың «ажал машинасы» 2013 жылдан бері 100 мыңдай адамды азаптап өлтіріп, оларды жаппай ортақ молаларға көмген. Мұны Жоғалып кеткен адамдар жөніндегі халықаралық комиссия хабарлады. Оның дерегіне жүгінсек, Асад үкіметі құлаған он күннің ішінде осындай 66 зират табылыпты.
Асад болса, өз үкіметінің адам құқықтарын бұзғанын бірнеше рет жоққа шығарып, қарсыластарын экстремистер, террористер деп сипаттап бақты.
Арыстан Рысбек