Алматыда айыппұлын айлап төлемеген көлік жүргізушілерінің берешегі 34 миллиард теңгеге жуықтаған. Тізімді шетелде тіркелген Mercedes-Benz көлігінің иесі бастап тұр. Ол 7 млн теңгеден астам сомаға жол қозғалысы ережесін бұзыпты. Жалпы алып шаһарда мемлекет алдындағы қарызын бермей жүрген қанша борышкер бар? Оларға қандай жаза қолданылады? Ернұр Медет зерделеп көрді.
Жыл басынан бері Алматыда жол ережелерін бұзған 4300-ден аса факті тіркелген. Кейбіріне ескерту беріліп, өрескел қателік жасағандарына айыппұл салынды. Жауаптылар қарыздарын төлемей қашып жүргендерге тосқауыл қою үшін ай сайын «Борышкер» профилактикалық шарасын ұйымдастырады.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Жалпы салынған айыппұлдың мөлшері 34 миллиардтан асып отыр. Бірақ азаматтар айыппұл есебінде тек 26 миллиардан аса соманы ғана төлеген. Айыппұл төлеуден жалтарған, төлемей жүрген азаматтар күндердің күнінде міндетті түрде ұсталып, оның автокөлігі айып тұрағына қосылып, айыппұлын толығымен төлемейінше қайтарылмайды. Заң бар, бәрімізге бірдей.
Қаладағы ең ірі «Көкжиек» айыптұрағында 2500-ға жуық көлік тұр. Әрқайсының тарихы әр түрлі. Мұнда күні кеше әкелінген техникадан бастап, 5 жылдан бері өз иесі күткендері де бар. Қоршаудағы темір тұлпарын алып кетуге келгендердің бірі – Темірлан Алмасбекұлы.
Темірлан Алмасбекұлы, қала тұрғыны:
Сақтандыру мерзімі бітіп қалған болатын. Содан полиция қызметкерлері келіп, планшеттен страховкамның біткенің көрсетіп, сосын айыппұл тұрағына алып келіп, менің атыма 70 мыңға жуық штраф болған екен. Соның бәрін төлеп, алып келіп жатырмыз.
Ернұр Медет, тілші:
Мына қара түсті Nissan Terrano автокөлігі айыптұрағындағы көне жәдігерге айналып барады. Тұрғанына 7 жылдан асыпты. Қысы-жазы қозғалмай, қараусыз қалғандықтан дөңгелектері жарылып,темірлерін тат басқан. Жалпы айыптұрағында дәл осындай әкелінгеніне 5-7 жылдан асқан 150-ге тарта көлік бар.
Айыппұлға қатысты елдің ойы екіге жарылды. Бір топ дұрыс, заң бәріне ортақ деп санайды. Ал екінші тарап қырағы камералардың назарына іліне беретініне наразы.
Айыппұлдан түскен қыруар қаржы қайда кетеді? Жұрт көкейіндегі осы сауалға жауап іздеп көрдік. Ресми өкіл былай деп жауап берді.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
Бұл жерде классификация, құқық бұзушылықтан түскен қаражаттың барлығы Қаржы министрлігімен реттеледі. Одан бөлек, автоматты тіркеу жүйелерінен түсетін қаражат, айыппұлдардың барлығы жергілікті атқарушы органдарға түседі. Яғни, әкімшіліктерге түседі.
Құзырлы органдардың айтуынша бейнебақылау камералары көбейгелі жол қозғалысы ережесін бұзу деректері азайған. Шынында халық «Сергектен» сескенетін секілді.
Ернұр Медет