Мемлекет басшысы Мажарстанға ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Мажарстанға ресми сапармен барды

24.11.2024

Биыл мажарстандық қыпшақтанушы ғалым, танымал қоғам қайраткері, түркітанушы Иштуан Қоңыр Мандокидің туғанына 80 жыл. «Қыпшақтың шырақшысы» атанған ол, Мажарстандағы Дунай мен Тисса өзендерінің аралығында орналасқан Кішіқұман аймағында дүниеге келген.

Әкесінің айтқан өсиетімен түп-тамырын іздеп, ұлы даланың тарихын зерттеген. Түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетін аудару, насихаттау ісінде көп еңбек сіңірген. 48 жасында дүние салған қазақтың күйеу баласы Қоңырдың сүйегі өз өсиеті бойынша Алматыда жерленген.

Мұны неге айтып тұрмыз? Қазақстан президентінің Мажарстанға сапары дегенде бірден Иштуан Қоңыр еске түседі.

Иә, Қ.Тоқаев бұл аптада Еуропа мемлекеттеріне барып қайтты.

Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мемлекет Венгрия - Мажарстанға сапарының статусы – мемлекеттік. Премьер министрі Виктор Орбан өткенде айтқанымыздай, АҚШ-ң сайланған президенті Д.Трампқа ғана емес, В.Путинге де құрметін жасырмайды...

Былтыр ол елімізге ресми сапармен келген. «Үйге оралған жақсы» деп комплиментарлы сөйледі. Ата-бабаларымыз – Қыпшақтардың даласына дегені.

Қ.Тоқаев сапарын әріптесімен футбол матчын көруден бастады.

Тағы бір деталь - венгрлер салтанатты қабылдау өткізіп, оған Димаш Құдайберген қатысты. Фотоны В.Орбан жариялады. «Әлемге әйгілі қазақ жұлдызы Будапештте» деп жазды ол, Instagram әлеуметтік желісінде.

Мұның бәрі штрих. Әсіресе экономика жағынан не пайда?- дегенге нақты дерек: Қазақстан президенті «... Меже сауда-саттықты 1 миллиард долларға дейін арттыру. Біз Мажарстанға жалпы құны 700 миллион доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайынбыз... Мен бүгін Мажарстандағы ірі компания басшыларымен кездестім. «UBM» холдингімен жем шығаратын үш зауыт салу туралы жобаға қол қойдық. Оның құны – 62 миллион доллар» деді.

Мажарстанға мемлекеттік сапар туралы Шерхан Жамбылұлының сюжеті.

Мажарстан. Кәрі құрлықтың қақ ортасында тұрған ерекше ел. Сырт келбеті, тұрмысы еуропалық болғанымен, жергілікті халық өзін қыпшақ түріктері санайды.

Мажарстанда қазақ тіліне қызығатындар көп. Солардың бірі Ференц Ласло. Екі жылда тілді меңгерген. Оның пікірінше түркі тарихына тереңінен үңілу үшін ең әуелі қазақ тілін білу керек.

Ференц Ласло, студент:

Әрине бір тіл өте қиын. Бірақ мен түрколог болғандықтан бәлкім мен үшін шамалы оңайырақ. Мажарстанда оқитын қазақ студенттер көп. Олардан көп досым бар. Олармен әрине қазақша сөйлеуге тырысамын. Бірақ, кейде қиын болады.

Айдана Смағұл, Тіл педагогикасы және қолданбалы ағылшын лингвистикасы докторлық бағдарламасының PhD кандидаты:

Жалпы осы университетте қазақ тілі жарияланғанда 21-жылы өте көп студент қызықты. Өйткені көптен бері оқығысы кеп жүрген студенттер, басқа университеттен қатысқандар да болды. Тек қана түркология бөлімі ғана емес, менің студенттерімнің арасында осы лингвистика бойынша, тіпті экономика оқып жүрген студенттер келіп қатысты сабаққа.

Иә, түркология ғылымының ең ірі орталығы осы елде. Мажар тілінде де көптеген түркі сөздер бар.

Мэлс Қайырбекұлы, тарихшы:

Мысалға алма деген сөз олардың тілінде де алма. Балта, түйе деген сөз бар. Осы сөздердің бәрі түркі тілінде қалай аталады, солай аталады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қазақ пен мажар халықтарының тарихы ортақ тамырдан бастау алады. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақтар Мажарстанның негізін қалады. Будапешттегі Батырлар алаңында да қыпшақ көсемдері Арпад пен Құрсанға арналған ескерткіш тұр. Екі халықтың тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрінде ұқсастықтар айқын байқалады. Бұл тарихи байланыс қазіргі қазақ-мажар қарым-қатынасын тереңдетуге негіз болып отыр.

Қазір Мажарстан Түркі мемлекеттері ұйымында белсенді бастамаларымен көзге көрініп жүр. Еуроодаққа мүше елге бақылаушы мәртебесі берілген. Жыл сайын Мажар үкіметі түркі елдерінің студенттеріне 2 мың грант ұсынып оты.

Қанат Серікбайұлы, Түркі мемлекеттер ұйымының Мажарстандағы өкілдігінің жобалар директоры:

Осы Еуропада, Мажарстанда өкілдіктің ашылуы. Одан кейін құрғақшылықтың алдын-алу институтының құрылуы. Түркі инвестициялық қорына Мажарстан өз контрибуциясын төлеп бастады.

Жергілікті университеттер әлемнің үздік оқу орындарының қатарына кіреді. Қазақ жастарына жыл сайын 250 грант бөлінеді. Бүгінде мыңнан аса отандасымыз Мажарстанда білім алып жатыр.

Ақарыс Тайшығұлов, студент:

Бұл жерге әлемнің түкпір-түкпірінен әртүрлі мемлекеттен студенттер келеді. Жақсы халықаралық тәжірибе жинайсың. Осы жақта жұмыс істеп, белгілі бір тәжірибе жинап, әрине елге қайту жоспарымда бар.

Елдер арасын жақындату үшін еңбек етіп жүрген қоғамдық ұйымдар да бар. Соның бірі «Барыс» қоры. Мәдени шаралар өткізіп, қазақ кітаптарын мажар тілінде басып шығарады.

Андраш Гал, «Барыс» қазақ-мажар қорының төрағасы:

Қазақ жазушыларының 20 кітабын аударып, басып шығардық. Жуырда Ақтау қаласында Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына өткізілген конференцияға біздің ұйым қатысты.2000 жылы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» атты туындысын аударып, басып шығарған едік. Сол кезде қазақтың абыз тұлғасымен танысып, сұхбаттасу сәті бұйырды.

Қос ел арасындағы барыс-келіс белсенді. Былтыр сауда-саттық 190 млн АҚШ долларына жуықтаған. Биыл тағы 4 пайызға өсті. Қазақстан Мажар еліне су сорғылары мен желдеткіштер, балық өнімдері, косметика, машина жабдықтарын сатып жатыр. Ал Мажарстаннан бізге дәрі-дәрмек, тыңайтқыш, жүгері, дөңгелек, теміржол техникасы келеді. Дегенмен сарапшылардың пайымынша елдердің әлеуеті одан да жоғары.

Ласло Ваша, Мажарстан Сыртқы істер институтының аға ғылыми қызметкері:

Мажарстан он жыл бұрын «Шығысқа есік ашу» саясатын бастаған. Оның түпкі мақсаты Қазақстан, Түркия, Қытай елдерінің нарығына шығу. Себебі біздің елдің экономикасы Батыс мемлекеттермен өте тығыз байланған.

Қазақ басшысы соңғы рет Будапештке 2007 жылы барған. Президент Тоқаевтың сапары екі ел байланысына серпіліс береді дейді сарапшылар. Мемлекет басшысын әуежайдан Премьер-министр Виктор Орбанның өзі қарсы алды. Дипломатия тілінде бұл ең үлкен құрметтің белгісі.

Алыстан келген туысын қуанышпен қарсы алғандай Мажар елі Қазақстан Президентіне үлкен ілтипат білдірді. Ресми қарсы алу рәсімі Будапешттің ең көрікті әрі тарихи жері, король сарайында өтті. Ол Юнеско мұралар тізіміне кіреді. Кезінде патшалар билік құрып, түрлі қабылдаулар өткізген ғимарат қазіргі заманда да үлкен саяси оқиғалар ортасы.

Мажарстан парламенттік ел. Негізгі билік премьер-министр қолында. Ал бұл қызметті 2010 жылдан бері Виктор Орбан атқарып келеді. Ол еуропадағы ықпалды саясаткерлердің бірі.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

Жалпы Орбанды евроскептик деп те атайды. Өйткені ол Еуроодаққа үлкен реформалар қажет дейді. Орбан дәл сол мемлекетшіл адам. Себебі ол үшін ең бірінші орында өз мемлекетінің мүддесі, содан кейін Еуроодақ ережелеріне бағыну екінші орынға түсіп тұр.

Қос ел мүддесі бір-біріне қайшы емес. Керісінше, саяси алаңда мәлімдемелер үндесіп жатады. Сарапшының пікірінше екі ел әлемдегі қақтығыстарды реттеуге үлес қоса алады.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

Бәлкім Трамп билікке келгеннен кейін, Трамп та бұл соғысты билікке келген күні тоқтатамын деп ойын айтқан еді. Орбанды Трамппен байланыс орнататын бірден-бір күш ретінде қарастырып жатыр Еуроодақта. Бәлкім Венгрия бұл Еуропа тарапынан медиаторлық алаң ретінде қаралатын болса, Орталық Азиядан Қазақстан осындай үлкен күшке ие деуге болады.

 Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. Бүгінгі берік саяси ынтымақтастық пен тығыз экономикалық байланыс – соның айқын дәлелі деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әйгілі Дунай мен көне Алтайдың арасы алшақ болса да, тағдырлас екі мемлекеттің тілегі – ортақ, арманы – бір. Отыз жыл бұрын Қазақстан өз елшілігін Мажарстанға жіберді. Бұл еліміздің Орталық Еуропадағы тұңғыш елшілігі болды. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді, арамызда тек достық, жақсы ниет қана бар.

Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:

Келісөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесін ғана талқылаған жоқпыз. Сондай-ақ екі халықтың достығы мен тарихи тамырластығы туралы сөз қозғадық. Жалпы, сауда-саттықты дамыту, энергетикалық ресурстардың жаңа көзін іздеу және халықаралық энергия тасымалдау бағыттарын құру екі елдің өзара мүддесіне сай келеді. Біз бүгін Президент мырзамен мажар-қазақ экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін толық пайдалану үшін барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық.

Мемлекет басшысы бизнес алыптарымен де кездесті. Соңғы 20 жылда Мажар инвесторлары біздің елге 370 млн доллар қаржы құйған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде мажарлардың 70-тен астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында MOL Group және Gedeon Richter секілді компаниялар бар. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жалпы инвестиция көлемі 540 миллион доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр.

Ең ірі жобалардың бірі ауыл шаруашылығында. Мажарстандық компания Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарында құрама жем шығаратын зауыт салмақ. Құны 62 млн доллар. Ол өніммен Қазақстанды ғана емес, Орталық Азия аймағын қамтамасыз етуге қауқарлы.

Хорват Петер, «UBM Group» компаниясының директоры:

Қазақстанда біз аграрлық салада үлкен потенциал көріп отырмыз. Біз тәжірибемізбен, жаңа технологияларымен бөлісуге дайынбыз.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Біз қолдау көрсетеміз. Оның ішінде инвест субсидия бар, басқа да бар. Бұл кісілер өз ақшасын жүз пайыз кіргізетін болса, бізге үлкен қолдау болады.

Будапешт әуежайының маңайында бірлескен логистикалық хаб құру мәселесі пысықталып жатыр. Ол Мажарстан, Қытай және Қазақстан үштігімен салынбақ. Аумағы 4,5 мың шаршы метр. Қазір Қазақстанның мұндай құрғақ порты Қытайда жұмыс істеп тұр. Осылайша қос ел шығыс пен батыс арасын жалғайтын ауда көпірі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Алдағы уақытта бұл бағытпен 10 миллион тонна жүк жеткізілетін болады.

Cауда-саттық әлеуеті жоғары. Қазақстан құны 700 млн доллар болатын 95 тауар түрін экспорттай алады. Мажар үкіметіне тізімі ұсынылып, келіссөздер жүріп жатыр. Ал, сапар аясында жалпы құны 230 млн доллар болатын нақты 7 келісімге қол қойылды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Президент сапарының қорытындысы бойынша қазақ-мажар инвестициялық қоры құрылатын болды. Ол бірлескен жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Қазірдің өзінде елдер құны 540 млн доллар болатын жобаларды пысықтап жатыр. Қос тарап та саудадағы миллиардтық межені ертерек бағындыруды көздейді. Алыс-берістің көбеюі, ағайын елдер арасындағы байланысты бекемдейді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу