Жетісу облысындағы қос қант зауыты күніне 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдауда. Соның 2 мың тоннасы Көксу қант зауытының үлесінде. Қазір кәсіпорында қарбалас сәт. Тәулігіне 200 тонна ақ қант шығарады. Осы уақытқа дейін 9 мың тоннадан астам тәтті шекер өндірді. Шаруалар өнімін үйіп төгіп жатса, зауыттағы жұмысшылар сол өнімді өңдеуге білек сыбана кіріскен. Жұмыс барысы қатты болғанымен нәтижесі тәтті, дейді әріптесім Қуаныш Қанатұлы.
Қабылдау пунктінен зауытқа тәулігіне 2 мың тонна қант қызылшасы жөнелтіледі. Кәсіпорында тәтті түбір өндіру жұмысы толығымен автоматтандырылған. Операторлар тек мониторға қарап бақылаумен отырады. Ал зертханада шырынның тәттілігі, қанттың ақтылығы толықтай тексеріледі.
Олеся Маурер, аға зертханашы:
Бізге ең бастысы шығарып отырған өніміміздің сапасы керек. Қанттың түсі неғұрлым ақ болғаны, дәмінің тәтті болғаны жақсы. Осының бәрін біз арнайы аппараттармен тексеріп, қадағалап отырамыз.
Қайнатылған шырынды центрафугаларда қатты жылдамдықпен айналдырғанда кристалдар пайда болып, қант түзіледі. Кептірілген шекер тазартылып, арнайы бункерде жиналады. Ал ол жерден бірден қант қаптайтын цехқа төгіліп отырады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мына менің иығымдағы бір қапта 25 келі қант бар. Осы 25 келі қантты өндіру үшін 100 келі қант қызылшасы қажет. Сондай-ақ, осы 25 келі қантты халыққа жеткізу үшін үш ауысымда 460 адам еңбек етеді.
Үш ауысыммен жұмыс істеудің басты себебі далада әлі 200 мың тоннаға жуық шикізат жатыр. Биыл тәтті түбірдің молынан шыққанын 30 жыл бойы қантты қаптап келе жатқан Айтбала Болтаева да растап отыр.
Айтбала Болтаева, қант қаптаушы:
Халық дұрыс түсінбей жатқан шығар. Биыл өнім мол болды.
Дәл осы қант бүгінде Жетісу облысындағы әлеуметтік дүкен сөрелерінде қолжетімді бағамен тұрғындарға саудалануда.
Қуаныш Қанатұлы