Жетісу облысындағы Көксу қант зауытында тағы да ұзын-сонар кезек. Қант қызылшасы тиелген көліктер тәуліктеп тұрып қалып жатыр. Себебі кәсіпорынның қабылдау пунктінде өнім төгетін орын жоқ. Зауыт тәулігіне 2 мың тонна шикізат өндірсе, осынша көлемде ғана тәтті түбір қабылдауда. Мәселе қалай шешілмек? Өңірдегі тілшіміз тарқатады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Жылда Алматы-Талдықорған тас жолының мына оң жақ бөлігінде қант қызылшасы тиелген көліктер тізіліп тұрса ол көзге үйреншікті жағдай болатын. Ал қазір кезек сол жағына да созылып кетті. Мұндай кептелістің басты себебі шаруалар өнімді жылдам зауытқа өткізгісі келеді. Ал зауыт өнімді өзінің қуаттылығына қарай қабылдап жатыр.
Дәл қазір 300-ден аса жүк көлігі өнімін өткізе алмай қаңтарылып тұр. Кезек баяу қозғалғандықтан жүргізушілер бірнеше тәулік бойы далада қонуға мәжбүр.
Бауыржан Жолдыбайұлы, көлік жүргізуші:
Бес тәулік қонып, алтыншы тәулікте тұрмын. Келген жерім мына Шұбар. Тиіп тұрған жер. Бес қонамыз, алты қонамыз. Екі сағат болды тұрғалы осы жерде. Не ашпайды, не кіргізбейді.
Таңатар Жақсығаев, шаруа қожалығының өкілі:
Бүкіл шаруаға ек-ек деп еккізіп алды да, енді қабылдай алмай жатыр. Мына жақ қазір зауыт толып кетті. Міне тұрғаннан алты күннен кезекте тұрамыз. Жеке шаруашылыққа зиян болып жатыр ғой. Алқапта қаншама қызылша жатыр. Ол шіриді енді.
Зауыттың алдында да көліктен ине шаншар жер жоқ. Ал кәсіпорынның қабылдау пунктінде өнім төгетін орын қалмады. Күніне 70-80 көлік кіргізеді. Мәселені шешу үшін әр ауданның шаруаларына кесте де құрылды.
Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:
Бізде алдында оларға әкімдікпен, ауылшаруашылығы бөлімдерімен бірге келісіліп жасалған кесте бар. Бірақ ол кестеге ешкім қарап жатқан жоқ. Зауыт істеп тұр. Шама келгенше тоқтатпай бәрін алып жатырмыз.
Жалпы биыл облыс бойынша 500 мыңнан астам қант қызылшасы өндірілді. Өңірдегі екі зауытқа теңдей бөлінді. Ал Ақсу қант зауыты Жамбыл облысынан 100 мың тонна тәтті түбір қабылдамақ.
Қуаныш Қанатұлы