Ақтау қаласының тұрғыны Саида Құсайынова зағип жандарға арнап брайль қарпімен кітаптар жазады. Көз жанарынан айырылған әйел осылайша облыстық кітапханың арнаулы бөлімінде қазақ тіліндегі оқулықтарды көбейтуге атсалысуда. Сондай-ақ ол мүмкіндігі шектеулі жандарға брайль жүйесін оқуды үйретеді.
Саида Құсайынова 10 шағын кітапша дайындаған. Оның тең жартысы – халық ертегілері. Кей шығармалары туабітті көру қабілетінен айырылған әлемге танымал адамдардың өмірбаяны туралы. Зағип әйел орыс тілінде жазылған шығармаларды қазақ және ағылшын тілдеріне аударады. Одан соң брайль жүйесіне көшіреді.
Саида Құсайынова, тифлопедагог:
3 жыл бұрын біз көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған мектеппен байланысты бастадық. Сол кезде маған ой келді. Балалар: «Қазақша оқығымыз келеді, өте аз информация» деген соң, мен интернеттен алып орысшадан қазақшаға аударып, сосын оны брайль ретінде көшірдім. Оның ішінде және бедерлі-нүктемен салынған суреттер бар.
Саида облыстық әмбебап кітапхананың арнаулы бөлімінде тифлопедагог болып жұмыс істейді. Ол зағип ересектер мен балаларға және жақында көз жанарынан айрылған тұрғындарға брайль қарпін үйретіп, оқуға машықтандырады.
Зәуре Айтуарова, Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасының директоры:
Брайль нүкте кітаптарымен жазылған кітаптар аз. Орысшасы бар болса да, қазақшасы жоқ деуге болады. Құсайынова Саида бізде 2019 жылдан бастап брайльша үйретуге үлес қосып келеді.
Кітапхана басшысының айтуынша, Саида Құсайынова зағип жандарға компьютермен жұмыс істеуді де үйретеді. Сонымен қатар ол ғаламтор арқылы тифлопедагогиканың тың тәсілдерін іздеп, білімін жетілдіруден жалықпайды.
Аягөз Оралбайқызы