Дональд Трамп АҚШ-тың 47-ші президенті болып сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дональд Трамп АҚШ-тың 47-ші президенті болып сайланды

10.11.2024

Сонымен АҚШ жаңа президентін сайлады. Камала Харриске «сәл жетпей қалды» немесе Америкада болып тұратынындай – оны халықтың басым бөлігі қолдады, бірақ таңдау жасайтын сайлаушылар алқасының дауысы шешіп кетті дейтіндей емес.

АҚШ-ғы сайлау жүйесінің өз ерекшелігі барын білеміз –президентті тікелей халық емес, халықтың дауыс беруі арқылы таңдалған сайлаушылар алқасы сайлайды. Ақырында екі кандидаттың да жеңу мүмкіндігі бірдей деген болжамның күл-талқаны шығып, Д.Трамп мәреге айқын басымдықпен жетті. Сарапшылар талдау материалдарын жариялап та кетті. Трамптың жеңгені мықтылығынан емес, Америка демократтардың тым солшыл болып кеткенінен шошыды деп жатыр. Демократтардың бейнелеп айтқанда «иіс жоғалтып» алғанын айтады. Орта статистикалық адам салықтың төмен болғанын, инфляция мен қымбатшылықтың алқымнан алмағанын, перспективасының бұлыңғыр болмағанын – мысалы, еңбегі арзан мигранттардың қаптамағанын қалайды. Бұл барлық әлемде солай. Америкада да. Иә, қуатты мемлекет. Бірақ бай мемлекет кіршіксіз, тұрғындарының уайымы жоқ дегенді білдірмейді.

Екіншіден, демократтардың құндылықтар мен бостандық бойынша (бұл жерде аборт жасауға әр әйелдің қақы бар деген позициясын қоспаймыз), шектеу болмауы керек деген ұстанымы да анау айтқандай тұтас ел қоштай кететін дүние болмай шықты.

Мысалы, жынысы қандай болатынын бала өзі шешуі керек деген «жаңа этика». Тағы бір қорытынды – әлеуметтің көңіл қошын зерттейтіндердің оңбай қателескені. Демек, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі контент пен пікірге қарап болжаудың, жалпы, әлеуметті зерттейтін қолданыстағы инструменттердің көнергені.

Осыны айтқанда өзіміздегі әлеуметті зерттеу ғылымының деңгейі еске түсіп, күмілжіп қаласың. Қарапайым сауалнама нәтижелеріне онша сенбей тұрасың, социология деп сөйлеу ыңғайсыз...

Жә, айтып тұрған тақырыпты жалғастыра келе, Д.Трамп әкімшілігі жүргізетін саясаттың бізге қандай әсері болуы мүмкін? Деген маңызды сауалға тоқталсақ. Біз сөзге тартқан экономикалық шолушы Айбар Олжай былай деді.

Ресей ашқан соғысқа келсек. Трамп бұл соғысты көзді ашып-жұмғанша тоқтатамын деген. Алайда қалай? деген сауалға жауап бермеген.

Жазықсыз адамдардың жапа шегуі, тұтас мемлекеттің титықтауы, жерінен айырылуына ызадан бөлек, басқасын айтпағанда, біз экономикалық жағынан ұтылып қалдық. Сондықтан «Орта дәлізді» даңғыл жолға айналдыру саясаты тереңдей береді.


Хабарламаларға жазылу