АҚШ-та президент сайлауының басталуына аз қалды. Қос кандидат сайлаушыларымен соңғы кездесуін өткізді.
Демократиялық партия атынан үміткер Камала Харрис Пенсильваниядағы митингте сөз сөйледі. Вице-президент, әсіресе жастарға үміт артатынын жеткізді. Ал республикалық кандидат Дональд Трамп Мичиган штатындағы сайлаушыларымен кездесуге екі сағатқа кешігіп барды. Экс-президент заңсыз көші-қон мәселесін қозғап, Мексикадан импортталатын тауарларға 25 пайыз баж салығын енгізу жоспарын жариялады. Қос кандидат та бүгінгі дауыс беруге белсенді түрде қатысу маңызды екенін баса айтты. Сауалнамаларға қарағанда, Харрис пен Трамптың арасында алшақтық көп емес. Сондықтан қос тарап кім жеңіске жететінін сенімді түрде айта алмайды.
Дональд Трамп, президенттікке республикалық партия атынан кандидат:
Соңғы 4 жылда америкалықтар сәтсіздікті, сатқындықты бастан кешірді. Камала Харрис бағаларды шарықтатып, шетелде соғыс пен хаосқа жол берді, оңтүстік шекарада бұрын соңды болмаған жағдай қалыптастырды. Бар айтарым: америкалықтар мұндай өмірге лайық емес.
Камала Харрис, президенттікке демократиялық партия атынан кандидат:
Науқанымыз америкалықтардың амбициялары, ұмтылыстары мен армандарымен ұштасты. Бірге бәріне қол жеткізе аламыз. Америка көшбасшыларының жаңа буынына уақыт келді. Құрама Штаттардың келесі президенті ретінде мен бұған сай келемін. Дегенмен жарыс әлі аяқталған жоқ. Бұл тарихтағы қызу тартыстардың бірі болмақ. Әрбір дауыс маңызды.
Арай Төлегенқызы