Мәскеудегі Үлкен театрдың Жаңа сахнасында «Абай» операсы қазақ тілінде қойылды. Осыған дейін Еуропаның белді сахналарында ұсынылған спектакль Ресей астанасында «Музыканы көру» халықаралық фестивалі аясында ұсынылды. Ұлттық өнердің жауһары саналатын бірегей туынды көзі қарақты көрерменді тәнті етті.
Осыдан 70 жыл бұрын жазылған шығармаға негізделген қойылым махаббат, жақсылық пен зұлымдықтың күресі жайлы баяндайды. Сондай-ақ қазақтың жанының тереңдігі мен сан қырлылығын бейнелейді. Спектакль көрермендерге көшпенділердің философиялық ой-толғамдары мен тұрмыс-салтының бірегей дәстүрін ашады.
Өте керемет. Таңқалып, тамсанып тұрмын. Мен Қазақстанға барып, осы операны тамашалай алар ма едім деп өзіме сұрақ қойдым. Осы спектакльге келгеніме бақыттымын.
Абайдың сөздері қандай терең. Сахнаның декорациясы, музыкасы да қатты ұнады.
Көптің көңілінен шыққан опера осыған Италияның Генуя қаласы сияқты Еуропаның белді сахналарында қойылған. Ал Мәскеудегі танымал театрда ұсынылған спектакльге көрерменнің де ықыласы ерекше болды. Залда ине шаншар жер жоқ, билеттер бірден сатылып кеткен.
Мейір Байнеш, «Астана опера» театры труппасының директоры:
Мәскеуде ешқашан «Абай» спектаклі қойылмаған. Қателеспесем 1950 жылдарда «Біржан Сара» операсы қойылған еді, Мұқан Төлебаев атамыздың. Бір емес, екі спектакль қойылып, екеуі де Сталин премиясын алған еді. Ал бұл спектакльге келер болсақ, бірінші рет әкеліп отырмыз Мәскеуге.
Ауқымды спектакльге арналып 200-ден астам костюм тігіліпті. Оларды дайындау кезінде табиғи жібектен бастап перделік маталарға дейінгі түрлі материал пайдаланылды. Осылайша Мәскеу қаласының тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының кемеңгер тұлғасымен жақын танысуға мүмкіндік алды.
Индира Бегайдар