1 қыркүйектен бері несие, микрокредит алуға өзіне тыйым салып қоя алатын заң нормасы күшіне енді – 600 мың қазақстандық солай істеп үлгерген. Шектеуді электронды үкіметтің веб-порталы арқылы кез-келген уақытта алып тастауға да болады.
Несиеден өз еркімен бас тарту - салқын ақылға салмай несие рәсімдеуден бөлек, несие алаяқтарынан қорғану жолындағы қадамның бірі. Шын мәнінде интернет алаяқтары қаптап кетті, айла-тәсілі де көп. Және олардың ұсталып жатқаны шамалы.
ІІМ-гі 8 айда 21 млрд теңгені қалталарына басқан. Ал сыртқа, шет мемлекеттерге шығып кеткен ақшаның қайтуы мүмкін емес дейді полиция қызметі. Жақында танысымды көлігін сатқызып тұрып үптеп кетті. Аңғал адам мәшинесінің қысқы доңғалақтарына дейін қоймада тұрған жерінен алып берген...
Қолма-қол ақшаны санап алып шет мемлекетке жіберген жігіт ұсталды. Ондайларды «дроппер» дейді екен. Ортада көрген азын-аулақ тиын-тебен үшін істі болып жатыр. Әке-шешесі шырылдап отыр.
Амангелді Сейітхан интернет алаяқтарына байланысты материалды уақыт аралатып жасайды. Міндетсімейміз, абайлаңыз деуден жалықпаймыз. Бірақ жиған-тергенінен айырылып жатқандар азаяр емес.
Сенатор А.Рахметова келтірген мәліметке сүйенсек, интернет алаяқтыққа байланысты ағымдағы жылдың 8 айында 11 765 қылмыс тіркелген. Былтыр сол уақытта 11 613 болған.