«Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді...
Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр».
Бұл пікірді Қасым-Жомарт Тоқаев, осы аптада Германия федералдық канцлері Олаф Шольц елімізге ресми сапар жасаған, сол кезде айтты. Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан Президенті пікірді Шольцтың өтініші бойынша білдірген.
Енді аздап талдап көрелік. Кейде кейбір нәрсені естігің келмесе де, анық дүние өзгермейді. Бұл әлгілердің әскери тұрғыда жеңілмейтініне де байланысты. Екіншіден, итжығыс соғыс осы кеңістік-тегілердің бәрін титықтататып бітпек. Жазықсыз қиылып жатқан адамдар өмірі – ол енді трагедия...
«Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек» деген сөз – дөп. Шындық кімнің жағында екенін білсек те, эскалация тереңдеген сайын алаңдайсың. Күшті мемлекеттер онша ескере бермейтін, мүмкін, тіпті ескермейтін мәселе көп.
Олар тіпті априори олай жасай алмайтынын білсе де, өздері сияқты күшті еместердің таңдау жасағанын қалайды. Иә, соғысқұмарды есі дұрыс ешкім қолдамайды. Бірақ соғысқұмар деп отырғанымыз пропагандамен уланған көрермен емес, қолында «шабаданы» бар улаушының өзі.
Және арада үй жоқ, көрші. Сондықтан орта державалар дейміз бе, мемлекеттердің өз мүдделерін қорғау үшін «бізді де бір тыңдаңыздар» деп анық өрнектелген пікір білдіруі логикаға сыяды және ол да әрекет.
Шольцпен кездесуге ертеңіне Орталық Азия мемлекеттерінің басқа да басшылары келді. Әрине, Еуропа елдері, оның ішінде Германия газ бен өзге де шикізат көздеріне өте тәуелді, ал соғыс басталғалы Ресейдің «кранын» жапқан. Сондықтан олар басқа нарықтарды қарастырып жүр.
Ал Орталық Азияда мұнай, газ, сирек металдар бар. Орталық Азия елдері инвестициялар мен технологияларға мұқтаж. Шольц сапарының қатпарларына Данияр Қайыртай үңіледі.