Еліміз атом саласы мамандарына кенде емес. Халықаралық құрылыс тәжірибесінен бастап, қауіпсіздік стандарттары, жаңа буын реакторларының білгір мамандары мен сарапшылары бар. Оның үстіне, Қазақстанда үш ядролық зерттеу реакторлары жұмыс істеп тұр.
Жерлесіміз Александр Убаськин Ресейдің Екатеринбург облысындағы Белоярская атом электр станциясында тағылымдамадан өтіп, кейін бірнеше жыл қатарынан тәжірибе жинақтауға барған. Ал атышулы Ленинакандағы жер сілкінісінен кейін, Арменияның Спитак қаласындағы атом электр станциясын зерттеу тобында болады.
Александр Убаськин, биология ғылымдарының кандидаты:
Солтүстік облыстарға қарағанда Қазақстанның оңтүстігінде жер сілкінісі жиі болып тұрады. Тұрғындар осыдан қауіптенуі мүмкін. Бірақ 80-жылдары Спитак қаласында 7-8 балдық жер сілкінісі болып, қаладағы ғимараттардың 90 пайызы құлағаны белгілі. Дегенмен атом электр станциясына түк болған жоқ. Өткен жылы Түркиядағы жер сілкінісі қаншама адамның өмірін жалмады. Ал сол жерде салынып жатқан станцияның бір бағаны қисайған жоқ. Бұндай нысандардың сапасы ерекше бақыланады.
Ал келесі кейіпкеріміз атом сүңгуір қайығының матросы – Арнұр Байқұлов. Қиырдағы мұхитта бірнеше жыл қатарынан әскери қызметте болған ол атом энергиясын бейбіт түрде пайдалану – мемлекеттің қауіпсіздігі мен келешегінің кепілі, - деп санайды.
Арнұр Байқұлов, Павлодар қаласының тұрғыны:
Әскерге барғанда Тынық мұхитындағы әскери теңізшілер флотына түстім. Сонда атом сүңгуір қайығында үш жыл әскери міндетімді атқардым. Соның бәрін уақытында қарап, қолданып отырдық.
Негізі уран өндіріп жатқан Қазақстан үшін ядролық зерттеу реакторлары таңсық емес. Оның үстіне мамандар бірнеше мемлекеттің ядро-энергетикалық бағдарламасын зерттеп, тәжірибесін саралап келеді, - дейді ғалымдар.
Арман Миниязов, ҚР Ұлттық ядролық орталығы техникалық компетенциялар орталығының директоры:
АЭС-тің қауіпсіз жұмыс істеуіне қажетті мамандар және соған байланысты тәжірибе бізде бар. Себебі қазіргі уақытта Қазақстанда үш ядролық зерттеу реакторлары қолданыста. Біреуі Алматыда, екеуі Курчатов қаласы, Абай облысында.
Осыдан 13 жыл бұрынғы Фукусимадағы жарылыс салдарын жою бойынша жапондық мамандар Курчатов қаласындағы ядролық орталық ғалымдарынан кеңес алған. Кейін екі ел сарапшылары бірлесіп Ұлттық ядролық орталық базасында жылына 2 курс өткізіп отырған. Демек елімізде атом энергиясын халық игілігіне жарата алатын ғалымдар мен тәжірибелі мамандар бар.
Болат Аманбаев