Әлеуметтік сауалнама: Азаматтардың 60 пайызы АЭС салу идеясын қолдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік сауалнама: Азаматтардың 60 пайызы АЭС салу идеясын қолдайды

16.09.2024

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Оның нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтардың 60%-дан астамы елімізге атом электр станциясын салу идеясын қолдайды. Әрі 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы шешілетініне сенімді. Институт мамандарының пікірінше, күн өткен сайын халық арасында АЭС құрылысын қолдау динамикасы байқалады. Бүгін Алматыда бас қосқан жетекші ғалымдар мен сарапшылар энергетикадағы инновациялар, атом технологиялары мәселелерін талқылады. Сондай-ақ еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің стратегиялық артықшылықтарын атап өтті. Жиналғандар алдағы референдум жалпыұлттық ауқымды шешім қабылданатын маңызды саяси науқан болатынына сенім білдірді.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

Әлі түсіндіру жұмысын қажет етеді. Бүгінде 55-58 пайыз адам шамамен сауалнама нәтижесі бойынша ертең референдумға келіп, өзімнің позициямды көрсетіп, дауысымды берем деген ниеті бар. Тақырыпты, уақыт тығыздығын ескере отырып, бұл жақсы көрсеткіш. Референдумның маңыздылығын түсіндіру керек. Халық саяси процеске қатысады, яғни, шешім қабылдауға халық қатысуы керек.


Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу