Елімізде Банктер туралы заң келесі жылы маусымда қабылданып, жаңа Салық кодексі 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізілмек. Ал техникалық мамандықтарға сұраныс бір миллионға жетуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Президент Жолдауын іске асырудың жоспарын бекіту кезінде айтылды. Маңызды стратегиялық құжат ел экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруы тиіс. Ондағы іс-шаралар жоспары қалай іске аспақ?
Президент Жолдауын іске асырудың Жалпыұлттық жоспарын Үкіметке Ұлттық экономика министрі алып келді. Нұрлан Байбазаровтың айтуынша құжат 76 іс-шарадан тұрады. Оған сай, енді Банктердің жұмысын реттейтің заң әзірленіп, ендігі жылы қабылданады. Салық жүйесі жетілдіріліп, кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа тетігі қарастырылмақ.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
Жаңа салық заңнамасының басты міндеті – мемлекеттің қажеттіліктері мен бизнестің мүмкіндіктері арасындағы теңгерімді сақтау. 2025 жылдың соңына дейін салықтық әкімшілендірудің бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделеді. Бұдан басқа, шекара маңындағы кеден бекеттері бойынша жұмыстарды аяқтауға, сондай-ақ кірістердің заңсыз «ағынына» жол бермеуге бағытталған кешенді шаралар іске асырылатын болады.
2025 жыл жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай елде маман даярлау тетігі қайта қаралмақ. Ол үшін кәсіптік білім беретін колледждердің оқу бағдарламалары жетілдіріліп жатыр. Тіпті биыл колледждердің 600-ден астам мамандықты оқыту бойынша лицензиялары қайтарылған. Өйткені бұл мамандықтарға қазір сұраныс төмен. Бізге қажеті техниктер. Оларға 2030 жылға қарай сұраныс 1 миллионға жетуі мүмкін.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Өңірлердің фокусын техникалық және кәсіптік білімге бағыттау үшін колледждерді бейіндеу жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда өңірлердің экономикасы құрылымдарына сәйкес 195 колледж қайта бейінделді, олардың басым бөлігі Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Астана қаласында орналасқан.
Бұдан бөлек келесі жылы Ұлттық бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе іске қосылады. Әрі емханаларда жеке басты face id немесе өзге де биометрияның көмегімен растаудың тетігі енгізілмек. Сала министрінің айтуынша, бұл МӘМС жүйесіндегі былықты жоймақ. Ал қазір адамдар емге жүгінбесе де, жалған жазбалар арқылы ақша жымқыру дерегі азаймай тұр деді Ақмарал Әлназарова. Ал Үкімет басшысы болса, Жалпыұлттық жоспарды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Жоспарда көрсетілген заң жобаларын уақытылы әзірлеу қажет. Оған сарапшыларды тарта отырып терең талдау және талқылау жүргізу керек. Сондай-ақ қаржыландыру мәселелерін де пысықтау қажет. Артық шығындардан бас тартып, бюджет қаражатын бірінші кезектегі және стратегиялық мақсаттарға ғана бағыттау керек. Басты міндет жоспардың іс-шараларын жоспарлы және уақытылы орындау.
Досжан Маратұлы, тілші:
Әзірге Үкімет Жалпыұлттық жоспар жобасын бекітіп, Президент әкімшілігіне жіберді. Енді оны Мемлекет басшысы мақұлдауы керек. Бірақ әкімдер мен министрлер қарап отырмай қазірден іске кірісуі керек, - деді Премьер. Өйткені жүктелген міндет көп. Оның үстіне Президент қателік жіберуге болмайтынын қатаң ескерткен еді.
Досжан Маратұлы