Ұлттың генетикалық қорға қауіп: Елде есірткі мәселесі ушығып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттың генетикалық қорға қауіп: Елде есірткі мәселесі ушығып барады

08.09.2024

Тағы бір маңызды мәселе – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Қ.Тоқаев «Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз... Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады»- деді.

Рас, қазір синтетикалық есірткі түрлері көбейгенін, таралуы әл бермей жатқанын білеміз. Психиатр-наркологтар қазір бұл көбіне жастардың дерті екенін айтады. Орташа 24-28 жастағы адамдар.

«Апта» тілшісі Раушан Сайлауқызы есірткі сатқаны үшін сотталып түрмеде отырып шыққан қызбен сөйлескен. Алдымен өзі қолданып жүрген, кейін таратумен де айналысқан. Қазір ақылға келген сияқты.

Жұмысқа тұрып, тұрмыс құрғысы келеді. Психологиялық жағынан емделіп, денсаулығына қараған шығар. Әйтпесе мұндай жағдайда адамдық кейіп жоғалтпау деген сирек. Есірткі қолданатындардың тән ауруларынан бөлек, жаны тыным таппайды.

Өзі ғана емес, ата-анасын, жақындарын қиналтып қоятын азап өмір. Иә, ешкім ешнәрседен сақтандырылмаған. Алайда балаңа беретін кілт-дүниелер бар. Соларды тот бастырып алмау керек. Бірі - есірткіден аулақ жүруді сіңіру. Енді Раушан Сайлауқызының материалы.

- Клубта бір қыз ұсынды, қызық үшін көрдім де кейін қалай тәуелді болғанымды өзім де байқамай қалдым.

Есімін жасырған бұл ару - 1996 жылы дүниеге келген. Басында өзі тұтынады. Кейін алыпсатарға айналады. Медбике қыз ақыры соңында түрмеден бір-ақ шығып, 5 жылға бас бостандығынан айрылады.

Сотталушы:

Өте қиын. Менің жастық шағым ұрланды деуге болады. Түрмеде отырғанымды мойындаудың өзі қиын болды. Сенбедім. Көп жыладым,өкіндім. Жан-дүнием күйзелді. Темір тордан тезірек шықсам екен деп армандадым. Тәртіп сақтағаным үшін екі жыл ерте босап, пробациялық тізімге алындым.

Жасынан жаман әдетке үйір болған мына жігіттің әлемі бөлек. Есірткі қолданып, есін жоғалтады. Енді дертіне дауа таппай жүр. 29 жастағы азамат - наркологиялық орталыққа осымен 4-ші рет келіп отыр.

Емделуші:

2005 жылдары алғашында ішімдікке әуес бола бастадым. Кейін марихуана тұтынып көрдім. 18 жасымда бұл әдет жиілей түсті. Ал 23 жасымда есірткінің ең ауыр түрін қолдана бастадым. Бұған келуіме ортам әсер етті. Достарым есірткі тұтынуды сән көретін. Соларға еліктедім.

Осылайша есірткінің тұзағына түсіп, шырмауынан шыға алмай жүргендер аз емес. Еліміздегі ресми дерекке сүйенсек 18 мың адам диспансерлік есепте тұр. Тіркелмегені қаншама. Елордадағы бір ғана орталықтың өзіне жыл сайын мыңнан аса пациент келеді. Есірткі тұтынған әр төрт адамның біреуі қыз бала.

Тоқтар Қойшыбеков, психиатр-нарколог:

Өкінішке орай соңғы кезде пациенттердің жасы жасарып барады. қазіргі кезде бұл көбінесе жастардың ауру деуге болады. Орташа алған кезде 24-28 жастағы адамдар. Өкінішке орай олардың арасында жас қыздар, жас келіншектер де көп.

Мамандар, бұған дейін көкнәр, марихуана, анаша деп дабыл қақса, қазір есірткінің синтетикалық түрлері белең алды. Ал бұған адам тез тәуелді болады, әрі улылығы жоғары, салдарынан ажал құшқандар да бар. Ең сорақысы сол, кей пациенттердің психикасы бұзылып, ақыл-есінде ауытқу бар адамдар жататын диспансерден бір-ақ шығады.

Тоқтар Қойшыбеков, психиатр-нарколог:

Жай ғана жүрек-қан тамырлары емес, психикалық бұзылыстар. Соңғы кезде нашақорлардың арасында осындай психозға батып санасы күңгірттеніп, қорқынышты галюцинацияларды елестетіп сандырақ ойлар көріп, оны біреу өлтіргісі келеді деп паникалық атакаларға ұшырайды.

Мамандар мұндағы пациенттердің тек бірен-сараңы ғана дертінен құлан таза айығатынын айтады. Көбі емделгеннің ертесі есірткі тұтынып, бұрынғы әдетіне қайта басады. Бір себебі- есірткінің қолжетімділігі.

Емделуші:

Көбінесе телеграмм арқылы сатып алдық. Бұрын дәріханалардан емін-еркін алатынбыз. Ал синтетика қала бойынша қолжетімді. Тапсырыс беріп, фото мен геолокация арқылы тауып аламыз.  Меніңше есіркті қолжетімді болмау керек. Барлық телеграм арналарды жабу керек.

Елдегі кей дәріханалар да есірткінің ошағына айналған.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Тексеріс жүргізу керек. Кейбір аптекаларда жасырын сөз арқылы, жасырын код арқылы психотроптық дәрі –дәрмектерді тарату мәселелері бар.

Ел бойынша есірткі саудасымен айналысқан 4500 адам түрмеде отыр. Дені 18 бен 29 аралығында. Алтауы кәмелетке толмаған

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады.

Депутаттардың да құқық қорғау органдарының жұмысына көңілі толмайды.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Халықпен кездесуде біздің балаларымызға әкеп беріп отырған азаматтар бар деп. Солардың ішінде құқық қорғау органдарының да азаматтары бар деп айтқан болатын. Есірткіні тұтынушына да, таратушыны да біледі. Олардың бәрі учетта тұрады. Олар оны біле тұра, ары қарай өрбіп кетуіне жол береді. Ол дегеніміз сыбайластық деген сөз. Сондықтан ІІМ өзінде де әлі реформа жасау керек.

Ал құқық қорғау органдары болса қылмыскерлердің қулығы құрық байлатпайтынын айтады. Жылдан-жылға айласы көбейген. Жаңа айтқандай, есірткіні телеграмм арқылы сатады. Бірақ, олардың бәрін жаппай бұғаттау мүмкін болмай отыр.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

Телеграмм арналар бұғатталып жатыр. 600-дей интернет магазиндер жабылды. 400 мыңдай аудиториясы бар... Дегенмен олардың «доммины зоны» дейді, ІР адрестерінің көбі шетелде. Сол кедергі туғызып отыр.

Биылдың өзінде телеграм арналарға қатысты 191 қылмыстық іс тіркеліп, 3000-ға жуық сайт бұғатталған. Телеграмнан бөлек, интернет сайттар да жарнамаға толы. Көзден таса жерге жасырып, белгі қалдыратыны бар. «Олх» сияқты платформаларға «жоғары жалақы» деп жарнама беріп, жастарды тартатыны тағы бар. Одан қалды қасақана тәуелді қылатындар көбейген.

Тоқтар Қойшыбеков, психиатр-нарколог:

Бірнеше рет осындай жағдай болды. Тамағына, ішіп отырған сусынға бірдеңе қосып жібереді де. Ессіз жағдайда оны зорлап, тонап кеткен.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

Ағымдағы жылдың 8 айында 5 жарым мың құқық бұзушылық тіркелді. Қылмыс та бар, теріс қылық та бар, Оның 1341-і сату фактілері бойынша 22 тоннадан астам әртүрлі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 400 кг жуық синтетикалық түрлері бар. 4 тоннадан астам марихуана бар. Гашиш бар. Әр түрлі түрлері кездеседі. Қара сора бар.

Қара сора демекші, Қызылорда мен Шуда өсетін есірткінің бұл түрі қазақтың сорына айналған шикізат. Одан бөлек, Ауғанның анашасы Қазақстанды басып өтеді.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

Қазақстанға үш фактор әсер етеді. Біріншісі ауған апейндері. Екіншісі өзіміздің шикізат Шу алқабы мен Қызылордадағы шикізат алқабы. Үшіншісі синтетикалық есірткілер. Төртіншісі аптекалық түрлері.

Әлемнің әр түкпірінен келіп жатқан атауы бөлек химиялық қосындылар да - есірткінің негізгі шикізатына айналған. Формуласын білетіндер зертхана ашып, есірткіні емін-еркін өндіреді. Жыл басынан бері 43 зертхана анықталып, күдіктілер қолға түсті. Қылмыс саны бойынша, Алматы қаласы мен Алматы облысы алдыңғы орында тұр. Қаржылық мониторинг агенттігі есірткі саудасынан түскен 22 млрд теңгенің банктер мен төлем жүйелері арқылы аударылғанын анықтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Елдегі заңға сәйкес, есірткіні сақтап, сатып, тасымалдап, өндіргендерге жаза ауыр. Ұсталғандар 10-нан 15 жылға дейін сотталады. Ал тұтынған нашақорларға жаза жоқ.

Тоқтар Қойшыбеков, психиатр-нарколог:

Жаза немесе емделу деп екі таңдау ұсыну керек. Сонда ол жазадан қашып, емделу жолын таңдар еді. Егер есірткімен тағы ұсталса, онда жазаны күшейтуге болады.

ІІМ өкілінің айтуынша, әкімшілік жазаға тарту мәселесі қазір мәжілісте қаралып жатыр.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

Өндіру бойынша өмір-бақи бас бостандығынан айыруды көздеп отырмыз, ал тұтынушылар бойынша әкімшілік жазаға ұсыныс енгіздік. Мәжілісте бүгінгі таңда қаралып жатыр.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жалпы өндірушілерге ең жоғары жазаны ұсынып отыр. Ол солай қалады. Менің ойымша, алда депутаттармен де, Мемлекет басшысымен де қолдау табады деп ойлаймын.

Ал есірткі саудасымен айналысқан жас буынды өмір бойы соттау - қатал үкім. Осылай деген тәжірибелі нарколог Тоқтар Қойшыбеков жастардың болашағына алаңдайды.

Тоқтар Қойшыбеков, психиатр-нарколог:

Жастар қателік жасаған кезде ұзақ уақыт бас бостандығынан айрылымауы керек. Біз қазір альтернативті жазалар қолдануымыз керек. Мысалы, қоғамдық жұмыстар, штраф бола ма. 5-10 жылға адам бас бостандығынан айрылған кезде олардың психологиясы қатты өзгереді.

Мамандар жастардың мұндай жолға түсуіне әуелі ата-ананың бейқамдығы себеп деп отыр. Сондықтан үйдегі жасөспірімнің жағдайына жіті мән бергеніңіз жөн.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Денсаулық сақтау министрлігі бар. Оқу ағарту министрлігі бар. Жастар мәселесімен айналысатын бірлесіп жұмыс жасап, бүкіл халық боп қоғам боп көмектеспесек, мұны тек қана құқық қорғау органдарымен шектеу жасап түбегейлі тазартып алу мүмкін емес.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Сарапшылардың мәліметін түйіндесек, мына кинодағы көріністер өмірде де қайталанып жатыр. Әуелі қызық көріп тұтынып көру, кейін еліктеу, есін жоғалту… Құдды өзге ғаламшарда өмір сүріп жатқандар секілді. Бірақ, қармаққа бір түскен соң, тордан құтылу қиын. Мамандар бұл жолды таңдағандардың 90 пайызы не түрмеге түседі, не өзіне қол жұмсайтынын айтады. Қайталап айтамыз, сабақ алғандар саусақпен санарлық. Олар өздерінің ғана емес, ата-анасының да өмірін ойран қылады.


Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу