АЭС-қа байланысты елдің ойын білетін жалпыұлттық референдум қазанның алтысында өтеді. Президент энергия тапшылығының күшейе түсетініне тоқталып, сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады деді. Сенімді және экологиялық таза қуат көзі деп санайды.
Дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұрғанын айтты. Екінші жағынан, стратегиялық жоспарларды қоғамның талқылауы маңызды екеніне тоқталып, осы мәселенің бір жыл талқыланғанын, референдумға шығарылғанын «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат деді.
Сонымен «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп атаған Жолдау 9 пункттен тұрады.
Сөйтіп жоғары атқарушы билікке 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек деді. Ал қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Президент жыл басында орта бизнесті қолдау үшін тапсырма бергенін, алайда олардың әлі дайын еместігін айтты.
Әрине, тоқталған әрбір мәселе мемлекет дамуы үшін өте маңызды. Мысалы, биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінген. Сұмдық ақша. Бірақ оның нәтижесін халық көріп отыр ма? Жоқ!
Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алу немесе бірнеше ай бойы кезек күту қалыпқа айналған. Қызық, қаншама қаражат бөлінеді, қаншама мықты маман бар. Алайда арасында кем-кетігі болады дегеннің өзінде наразы, ренжіген, ашуланған пациент азаяр емес.
Енді бірнеше тақырыпты қаузап көрелік. Банктер, экономиканы қаржыландыру.
Президент нақты секторға несие ойдағыдай берілмейтінін айтты. Ал халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуі тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. «Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл өте орынды ұстаным»,- деді Қ.Тоқаев.
Бұл сөзінен кейін бірден еске не түседі? Иә, 2009 жылы банк жүйесін банкроттықтан құтқару үшін билік «Самұрық-Қазына» қорынан 10 млрд доллар алынғаны, ал теңге бағамын қолдау үшін Ұлттық банктің 6 млрд доллар жұмсағаны.
Банктердің қайта құрылымдалған қарыздарын жабу үшін жұмсалған ақша және бар. Осы «құтқару операциясының» кесірінен мемлекетке келген жалпы шығын есептелді ме? Бағаның күрт өскені, инфляция, халықтың батқан қарызы.
Біздегі банктердің беретін несиесінің 70 пайызы тұтынушылық несие. Міне, осы несие арқылы банктердің акционерлері көл-көсір пайдаға кенеліп отыр. Жыл басынан бері олар 1 трлн 38 млрд теңге табыс тауып үлгерген. Бұдан әрі де банк қожайындары мұртынан күліп отыра алмайды деп үміттенеміз.
Президент дипломатиялық түрде сипаттаған ойын ережесін қарапайым баяндасақ: Не нақты секторға несие бересің, не қомақты салық төлейсің. Данияр Қайыртайдың сараптамасы.
Биылғы Жолдаудың атауында «экономикалық өсім» деген тіркес бар. Бұл өзі негізгі міндет болып отырғанға ұқсайды – Мемлекет басшысы бірден банк саласына шүйлікті. Себебі бұлар экономиканың нақты секторына әлі де жеткілікті қаражат құймай келеді. Халыққа несие таратумен әбден әуестеніп алған.
Ерділда Таутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
Нақты сектордың қаржыландырылуы, біздің статистикалық мәліметтерге қарасақ, 30 пайыздан кем екен. 70 пайызы тұтынушылық кредит екен. Одан ешқандай макроэкономикалық оң әсер көрінбейді. Тұтыну кредиттерін жоғары мөлшермен халыққа беріп, пайда тапқанды жөн көріп отыр.
Банктер үшін тағы бір оңай олжа – нарыққа шығарылған мемлекеттік құнды қағаздар. Соны сатып алады да, жоғары пайыздық мөлшерлемемен пайда көріп жатады кеп.
Қайырбек Арыстанбек, экономист, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
Оның табыс көзі – 14-16 пайыз. Нақты экономикаға неге олар несие бермейді? Тиімділік – 4-8 пайыз. Енді есептеңіз. Мына жердегі құнды қағаздан 14-16 пайыз табасыз, бұл жерде тәуекел жоқ, оның кепілі – мемлекеттік бюджет. Ал екінші жағынан нақты экономика. Бірде-бір банк нақты экономикаға мұндай жағдайда бармайды!
Ал Үкімет пен Ұлттық банк құнды қағаздарын сатпай қоя алмайды – бюджет тапшылығын бітеу керек қой! Бірақ, сөйте тұра, кірістен де қағылып отыр.
Ерділда Таутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
Бұл жерде тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік құнды қағаздарға салған табыстан олар салық төлемейді. Сонда мемлекет бұл табысты алмай отыр.
Банктер нақты секторға ұзақ мерзімді әрі арзан несие беруге неге құлық танытпай жүргенін түсіндік. Ондай экономикалық жобаларға несие беру деген – банк үшін тәуекелге барумен тең. Жобаның соңы сәтсіз аяқталса, ақшасын өндіре алмай қиналуы мүмкін. Сонда оларды экономикаға қаржы құюға қалай қызықтырамыз?
Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Банктерді экономикаға төмен пайызбен қаражат бөлуге ынталандыру үшін оларға салынатын корпоративтік табыс салығын азайтуға болады. Ал, керісінше, тұтынушылық несие үшін салық көлемі көбірек болуға тиіс.
Президент корпоративтік секторды қаржыландыру осал тартып тұрғанын кейінгі үш Жолдауында да сынап отыр. Мысалы, былтыр осы мәселені шешу үшін шетелден сенімді үш банкті тартуды тапсырған еді. Қазір екі инвестор келгені белгілі. Бірі – Bereke bank-ті сатып алған қатарлық қаржы институты. Екіншісі – бұрын микроқаржы ұйымы болған оңтүстіккореялық банк. Ал үшінші инвестор әлі табылмаған.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
Қазір бірнеше келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, бұл сезімтал мәселе. Сондықтан қазіргі таңда айта алмаймын.
Жалпы банк саласы жаңа заңға мұқтаж,- деді Президент. 30 жыл бұрын қабылданған қазіргі құжат цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз етуді реттей алмайды. Банктерге инновацияларды енгізгенде де қауіпсіздік ескерілуі үшін жаңа норма ерек-ақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Бізге банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек.
Қайырбек Арыстанбек, экономист, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
Меніңше, қосымша Ұлттық банк туралы заңды да қайта қараған жөн сияқты. Оның себебін айтайын. Мысалы, дүниежүзіндегі орталық банк функциясын атқаратын ұйымдарға зейін салсаңыз, 80 пайызында 4 мандат бар екен. Яғни 4 құзыретпен айналысады. Ал біздің ҰБ бір-ақ шаруамен айналысады – баға тұрақтылығы. Ал, мысалы, шетелдік банктердің басқа мандатының түрі – жұмыспен қамту, тағы бірі – экономикалық өсімді қамтамасыз ету.
«Ұзақ мерзімге арналған қаражаттың» тағы бір көзі – активтерді қайтару бастамасы аясында құрылған қор. Енді сырттағы «капиталын заңдастырғысы» келетін кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына қаржы салуға келіссөз арқылы емес, заң жүзінде міндеттелмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам.
Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
100 млн доллары бар олигархтың немесе тұлғаның үлкен заң конторасы бар, халықаралық дәрежедегі заңгерлері бар, онымен соттасып, жуық маңда опа таппайтынымыз шын енді. Сондықтан бұл идея жаман емес, өз еркімен қайтару деген.
Бірақ кәсіпкерлер де әр теңге үшін саудаласпай, «Үкімет пен Бас прокуратураның айтқанын екі етпеуі керек» деп ескертті Мемлекет басшысы. Тіпті «сөзбұйдаға салғандарға қатысты әңгіме басқаша болатынын ашық айтты.
Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл өте құпия жағдайда, жабық жағдайда жүріп жатқан процесс. Оны прокуратура да, Активтерді қайтару жөніндегі комитет те мәселенің егжей-тегжейін айтып жатқан жоқ. Тек белгілі бір соманың қайтқанын айтады. Жұмыстың жүріп жатқанын айтады. Болды. Кім, қандай тұлғалармен жұмыс істеліп жатыр, қалай істеліп жатыр – ол жөнінде әңгіме жоқ.
Экономикаға қажет ақша әр жерде игерілмей, жасырулы жатуы да мүмкін. Сондықтан бюджет пен салық саясатын реттеу керек дейді сарапшылар. Алдымен салық жеңілдіктеріне ревизия жасау ұсынылады.
Ерділда Таутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
Бізде арнайы экономикалық аймақтар бар, индустриалдық аймақтар бар. Сол жерлерде орналасқан кәсіпорындар көптеген салық жеңілдіктерін пайдаланады да, бірақ өздерінің кәсібі өсіп жатыр ма, расында ол жерде кәсіп бар ма, ол белгісіз.
Қайырбек Арыстанбек, экономист, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
Салық кодексінде, қазіргі редакциясында шамамен 280-дей жеңілдік бар екен. Босатулар. Егер сол жеңілдіктердің ең болмағанда 60-70 пайызын алып тастасақ, Кірістер комитеті жақсы жұмыс істесе, мемлекеттік бюджетке 3 трлн теңге түсіруге болады екен.
Сосын көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға күш салған маңызды, дейді экономист Қайырбек Арыстанбек.
Қайырбек Арыстанбек, экономист, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
Ішкі жалпы өнімге шаққанда көлеңкелі экономиканың аясы 18 пайыз. Былтырғы жылдың деректерінде 114 трлн болса, 18 пайыз деген 25-30 трлн көлемінде. Сондай экономикалық айналым көлеңкелі экономикада жатыр екен. Ол не деген сөз? Ол жерден салық алынбайды деген сөз. Ең болмағанда 70-80 пайызынан салық жинасақ, сол кезде бюджетке 4 трлн қосымша алуға болады екен.
Ал көлеңкелі экономиканың қақпасы – шекарадағы кеден бекеттері. Оны бекемдемей бәрі бекер.
Ерділда Таутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
«Зеркальная статистика» дейді, мысалы Қытайдан бізге жіберілген заттардың құндарында айырмашылығы өте көп екен. Ол жерде де біздің есебіміз бойынша 1 трлн дейін өндіріп алуға болады.
Бұл мәселенің қай-қайсысы да бүгін белгілі болып отырған жоқ. Әртүрлі интерпретацияда үнемі айтылып жүр. Тек ереженің өзгеруіне мүдделі емес топтардың тегеурініне төтеп беру қиынға соғып тұрған сияқты...
Данияр Қайыртай