Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін балалар енді орта біліммен бірге кәсіп те игеріп шығатын болды. Олар білім алатын мектеп-интернат жанынан биылғы оқу жылында колледж ашылды. Балалар бүгіннен бастап мұнда ағаштан жасалған бұйымдарды құрастырушы және тігінші мамандығын үйренуге кірісті.
Ерасыл енді колледжде 3 жыл білім алып, ағаш шебері болып шықпақ. Психикалық дамуы тежеліп, тілі кеш шыққан бозбала бұл іске бұрыннан-ақ әуес болатын.
Перизат Әшірбаева, ата-ана:
Тек ағаш жағынан емес, кеше барып тігуді де үйреніп жатыр. Инені өмірінде ұстамаған. Бір сызықпен матаға түсіріп берсе, соны түсіріп жатыр. Мен соған өте қатты қуандым. Енді өзімен өзі болып, бір мамандық игеріп шығады деп ойлаймын.
Елімізде алғаш болып ашылған инклюзивті білім ұясына Ерасылмен бірге тағы 47 бала студент болып қабылданды. Оның 25-і тігіншілікті үйренсе, қалғаны ағаш өңдеуді меңгереді. Колледждің оқу бағдарламасы басқалардан өзгерек. Балалардың мүмкіндігіне қарай ұстаздарға академиялық еркіндік берілген.
Зарифжан Құрбанбаев, директордың оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары:
Бағдарламаларымызды жеңілдетіп жазамыз және осы бағдарлама бойынша сабақ өтеміз. Практикалық және теориялық сабақтарды бірге алып жүреміз. Өйткені олар көп нәрсені тез ұмытып қалады.
Осыдан жарты ғасыр бұрын ашылған Сайрам көмекші мектеп-интернатында 300-ге тарта бала оқиды. Арнайы мамандар оларды тәрбиелеп, білім берумен бірге өмірге де бейімдейді. Сондай-ақ колледждегі оқуы аяқталған соң жұмысқа орналасуына да көмектеспек.
Жадыра Таңатарова, Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің директоры:
Отандық тігін фабрикаларымен, ағаш өңдеу шеберханаларымен келісімшартқа отырып жатырмыз. Еңбек кодексіне сәйкес мемлекеттік және жекеменшік жұмыс орындарында 3 пайыз ерекше азаматтар жұмыспен қамтылуы керек дейтін заң бар. Соған сүйене отырып, балаларды жұмысқа орналастырамыз.
Білім ұясы ата-аналардың сұранасына орай тағы да аспаз, аяқ киім шебері мамандықтары бойынша да топ ашуға әрекет етіп жатыр. Сондай-ақ мобилограф, ІТ мамандарын оқытып шығару да жоспарда бар.
Ғани Қалмахан