Сиыр бағып, Париж көрген. Қостанай университетінің 4-курс студенті Алдияр Естай осы күнде Германияда өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Шетелдегі шағын кәсіпорындардың бірінде машықтанып жатқанына төрт ай болған. Осы уақытта ірі қара малды бағудың қыр-сырына қанығумен қоса, неміс тілін меңгеріп жатыр. Алмания еліндегі Алдиярмен әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет тілдесіп, шетелдік тәжірибенің нәтижелерімен танысты.
Студент Алдияр Естай сәуір айынан бері Германиядағы шаруашылықтардың бірінде тынбай еңбек етеді. Ол мұнда 190 сиыр мен олардың төлдеріне бас-көз болып жүр. Таңғы 6-да тұрып, сиырларды сауады. Жануарларға азық беріп, тазалық жұмыстарын жүргізіп, ветеринардың тексерісіне қатысады. Апта сайын жұмысындағы жаңа дағдылар туралы есеп жазады.
Алдияр Естай, 4-курс студенті:
Шаруашылықта көп нәрсені үйрендім. Сиырларды төлдетіп, емдедім. Мұнда автоматтандыру деңгейі өте жоғары. Гигиена мен командалық жұмыс жоғары деңгейде. Сондай-ақ мен жалақы аламын.
Біздің фермада Алдиярға дейін төрт студент осылай тәжірибеден өтті. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде ауыл шаруашылық саласында білім алып жүрген жастар келеді. Ынтасы мол осындай жастардың шетелде тәжірибе жинауына ықпалдасып отырған - Еуроодақтың арнайы бағдарламасы. Біздің ферма сол бағдарламаға ұдайы қатысады.
Шілде айында Еуропада тәжірибеден өтіп жүрген барша қазақстандық студенттерге арнап семинар да ұйымдастырылған. Шетелде тәжірибе жинап жүрген жастар ара шаруашылығы, раушан өсіретін ферма сияқты бірнеше кәсіпорынды аралаған. Осылайша жастар жұмыс істеумен қоса, саяхатты қатар алып, тіл білімін де тереңдетіп жүр.
Алдияр Естай, 4-курс студенті:
Шетелде тәжірибеден өту арқылы кәсіби тұрғыдан дамуыма зор ықпал етіп жатыр. Тұлға болып қалыптасуыма да үлесі мол. Туған жерден жырақта жүргенде өзің үшін ғана емес, тұтас ел үшін де жауапкершілік артып жүргеніңді сезінеді екенсің.
Алдияр келесі жылы ветеринариялық санитар мамандығы бойынша оқуын тәмамдайды. Алмания еліндегі жарты жыл бойы жинақтаған тәжірибесін Қазақстандағы шаруашылықтарда қолдануға ниетті.