Бүгінде елімізде ресми түрде 180 спорт түрі тіркелген. Соның 50-і ғана Жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіреді. Сондықтан мемлекет тарапынан қаржыландырылатын спорт түрлерін үш есеге қысқарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады. Сонымен қандай спорт түрлеріне қаржы бөлу тоқтатылады? Үнемделген ақша қайда жұмсалады? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып анықтап көрді.
Париж Олимпиадасында Ұлттық құрама 7 медаль еншіледі. Сөйтіп бейресми командалық есепте 43- орынға тұрақтады. Бұл Токиодо өткен жазғы ойындармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Дегенмен өзбек ағайындардың 8 алтынына қызығып қарадық. Көршіміздің Париж төрінде атой салуының сыры – олардың Олимпиада бағдарламасына кіретін, нақты нәтиже әкелетін спорт түрлерін ғана қаржыландыруы,- дейді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясыныің мүшесі:
Біздің Спорт министрлігіміз бүгінге дейін 180 спорт түрін ресми спорт түрі деп бекіткен. Жоғары жетістіктер спорты дейді. Жоғары жетістіктер спортына жылына 775 млн АҚШ доллары бөлініп келген. Өзбекстан бізден 10 есе аз спорт түріне қаржы бөледі. Олар жоғары жетістіктер спорты не екенін біледі, әлемнің бәрі біледі. Біз, әрине, бюджеттің ақшасын аламыз, 180 спорт түріне бөліп тастаймыз бітті. Ақшаның қайда кеткенін таппай қаласыз. Ал сол ақшаны еселеп азайтып, тиісті спорт түрлеріне бөлсек, әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетуге болар еді.
Мәжіліс депутаттары арнайы жұмыс тобын құрып, мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерін азайту туралы арнайы заң жобасын мақұлдаған. Құжат қазір Үкіметтің қарауында. Бұдан Туризм және спорт министрлігі хабардар. Енді олимпиадалық, ұлттық, пара және сурдалимпиялық спорт түрлерін ғана қаржыландырмақ.
Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі:
Көрші мемлекеттерді алатын болсақ, Ұлыбритания 15, Беларусь 17, көршілеріміз де 20-ға жуық спорт түрлерін қаржыландырылады. Біз де соған келуіміз керек. Қазір 180 спорт түрінен 60-70 спорт түрін қалдырайық деп отырмыз. Олар, әрине, Әлем чемпионаттарында, Олимпиадаларда, дүбірлі додаларда бізге медаль алып келетін, яғни әр уақытта жүлдемен қайтатын спорт түрлері. Қалған спорт түрлері дамымайды емес, дамиды. Бірақ оларға деген мемлекеттен бөлінетін қаражат біртіндеп азая бастайды.
Қалған спорт түрлерін дамыту үшін енді федерацияларға демеушілердің немесе қалталы кәсіпкерлердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Дегенмен бұл оңайға соқпайды дейді, - сарапшылар.
Бек Төлеу, спорт сарапшысы:
Қазақстанда қазір демеуші табу өте қиын болып барады. Бұл жағынан көбіне букмекерлік кеңселер демеушілік етіп жатыр, иә?! Оларға да көп шектеу қойылып жатыр. Сондықтан ертең біраз әңгімелер болуы заңдылық деп ойлаймын.
Сарапшылардың айтуынша, қазір түрлі спорт федерациялардың артында шенеуніктер, ықпалды азаматтар тіпті, кей депутаттар тұр. Сондықтан қаржы құйылатын спорт түрлерін таңдау тәсілі ашық түрде жүргізілуі керек. Мәжілісте қолға алынған заң жобасына сәйкес, осы кезге дейін мемлекет тарапынан қаржыландырылып келген спорт түрлері 180-нен 60-қа дейін қысқаратын болса, жұмсалып келген (775 млн АҚШ доллары) қаражат та біраз үнемделеді. Немесе аталған соманың барлығы қалған спорт түріне құйылуы да ғажап емес. Маңызды құжатта легионердің де мәселесі ұмыт қалмаған.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бұдан былай футбол, волейбол, баскетбол мен хоккей клубтарында ойнайтын легионерлерге мемлекет тарапынан жалақы беру тоқтатылуы мүмкін. Олардың еңбекақысы демеушілердің мойнына жүктелмек. Егер тиісті заң жобасы қабылданатын болса, легионерлердің трансферіне де шектеу қойылады.
Нұрсұлтан Тілектес