Жапонияның 125 миллионға жуық халқының саны 2070 жылға дейін 30 пайызға қысқарады деген болжам бар. Сол кезде бұл мемлекетте әрбір он адамның төртеуінің жасы 65-тен асуы мүмкін. Күншығыс елі қазірдің өзінде әлемдегі ең кәрі қоғамға айналып отыр. Сондықтан мұнда қарттарға арналған жөргек өндірісі қарқын алып келеді.
Байқасаңыз, мына жөргектердің көлемі әдеттегіден үлкен. Себебі олар қарттарға арналған. Осылайша қазір Жапонияда балалардан гөрі олардың ата-әжелері үшін памперс шығаратын компаниялар көбейіп келеді. Бекер емес. «Статиста» жаһандық деректер және бизнес-сараптама платформасының мәліметінше, Жапония әлемдегі ең кәрі қоғамға айналған және оның тұрғындарының 29 пайызы 65 жастан асып кетіп отыр.
Наота Сугайа, ересектер жөргегін өндіретін компания менеджері:
Қарттарға арналған жөргектер өндірісі жылдан жылға артып келеді. Өйткені нарықта сұраныс жоғары, тұтынушылар көбейді.
«Фудзи Кейзай» компаниясының зерттеуіне қарағанда, 2027 жылға дейін егде жастағыларға арналған жөргектер өндірісі 16 пайызға өссе, балалар жаялығын шығару 8 пайызға кемиді екен.
Кенжи Наката, Daio Paper компаниясының денсаулық сақтау маркетингі департаментінің бас менеджері:
Ересектер нарығы әлдеқайда үлкен. Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта қарттарға арналған жөргек нарығы сәбилердікімен салыстырғанда екі есе көп болады.
Жапонияда халық саны 15 жыл қатарынан азайып келеді. Мұны өткен аптада елдің ішкі істер министрлігі хабарлады. Есесіне, былтыр мұнда шетелдіктер саны 11 пайызға көбейіп, алғаш рет 3 миллионнан асқан.
Жұмыс күші тапшылығы проблемасын шешу үшін жапон үкіметі жаңа бағдарлама қабылдады. Оның нәтижесінде ауыл шаруашылығына, автомобиль саласына, құрылысқа шетелдіктерді тарту жеңілдейді деген үміт бар.
Ичи Йошино, автомобиль жөндеу қауымдастығының төрағасы:
Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету саласында жаңа оқыту және жұмысқа орналастыру жүйесі ойдағыдай дамыса, кадр тапшылығы мәселесін шешуге болады. Бұндай жағдайда кәсіпорындардың күйреу қаупі сейілер еді.
Күншығыс елінде былтыр 730 мың бала өмірге келсе, дүниеден өткендер 1 жарым миллионнан асып кеткен. Жапония мұндай жағдайға қалай жетті? Соңғы зерттеуге жүгінсек, жас жапондар арасында үйленетіндердің сиреуіне және перзент сүюден бас тартушылардың көбеюіне, жұмысқа тұру перспективасының бұлыңғырлығы, өмір сүру құнының жалақы деңгейінен асып кетуі себепші.
Арыстан Рысбек